Қазақстан азаматтығын сақтап қалған және шетелге тұрақты тұруға көшкен һазаматтар зейнетақы төлемдерін алу құқығынан айырылмайды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қолданыстағы заңнамада Қазақстан азаматтарының ел аумағында тұрақты тұруы зейнетақы төлемдерін алудың міндетті шарты ретінде қарастырылмаған. Соған қарамастан, бірқатар азаматтарға зейнетақы төлеуден бас тарту жағдайлары кездескен.
Осыған байланысты Бас прокуратура Конституциялық сотқа жүгініп, мәселенің заңдық тұрғыдан қаралуына бастамашы болған.
Нәтижесінде Конституциялық сот Қазақстан азаматтығын сақтаған адамдардың тұрғылықты жеріне қарамастан зейнетақы төлемдерін алу құқығы бар екенін растады.
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, бұл шешім шетелде тұрақты тұратын мыңдаған қазақстандықтың әлеуметтік құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Енді Қазақстан азаматтары шетелде тұрса да, заңда көзделген талаптарға сәйкес зейнетақы төлемдерін алуды жалғастыра алады.