Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысында құрамында алтыны бар шикізатты заңсыз өндіріп, өңдеумен айналысқан топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің заңды қызметін бүркемелеп, заңсыз алтын өндіру схемасын ұйымдастырған.
Жедел іс-шаралар барысында ұйымдастырушылар мен жетекшілерді қосқанда жалпы 63 адам ұсталды. Сондай-ақ, заңсыз жұмысқа қатысы бар шетелдің 13 азаматы да қолға түсті.
Тінту кезінде бірнеше көлік пен арнайы техника, 40 мың АҚШ долларынан аса ақша, құрамында алтыны бар шикізат, алтын, сондай-ақ, заңсыз қызметке қатысты құжаттар мен өзге де айғақтар тәркіленді.
Алдын ала мәлімет бойынша заңсыз кен өндіру салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келген. Мамандардың айтуынша, топырақ бүлініп, табиғи ландшафт өзгерген және өңір экожүйесіне кері әсері тиген. Келтірілген шығын көлемі сараптама нәтижесінде анықталады.