Алматы облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Серік Шалқаров Ақтөбе облыстық полиция департаментіне қызметке орналасты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін ProKadryKZ Telegram арнасы Шалқаровтың Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалғанын хабарлаған еді. Кейін бұл ақпаратты Ақтөбе облыстық ПД-ның баспасөз қызметі растады.
Еске салайық, Серік Шалқаров Алматы облысы полиция департаментіндегі қызметінен 2024 жылдың қазан айында кеткен болатын. Бұл жағдай Талғардағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін бірнеше апта өткен соң болған.
Сол кезде Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылған еді. Олардың қатарында Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров, Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов, сондай-ақ ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Ұлан Байтақов және басқа да қызметкерлер болған.
Енді Серік Шалқаров Ақтөбе облыстық полиция департаментінде басшылық қызмет атқарады.