Серік Сәпиевті Олимпиадада жеңген боксшы түрмеге қамалды

Серік Сәпиевті Олимпиадада жеңген боксшы түрмеге қамалды
Манус Бунчамнонг. Фото: ашық дереккөзден

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында қазақстандық боксшы Серік Сәпиевті жеңген Таиланд спортшысы Манус Бунчамнонг алаяқтық ісі бойынша 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазір Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Бангкоктағы түрмеде жазасын өтеп жатыр.

Сот материалдарына сәйкес, Бунчамнонг 2021 жылы мемлекеттік лотерея билеттеріне арналған квоталарға байланысты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Тергеу барысында жәбірленушілерге шамамен 2 миллион бат көлемінде шығын келгені анықталған.

Манус Бунчамнонг қазақстандық бокс жанкүйерлеріне Серік Сәпиевпен өткізген жекпе-жектері арқылы жақсы таныс.

2006 жылғы Азия ойындарының жартылай финалында ол Сәпиевтен басым түскен. Ал 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының ширек финалында қазақстандық боксшыны 7:5 есебімен жеңіп, жарысты жалғастырған.

Кейін Бунчамнонг Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

Сот үкімі шыққаннан кейін тай боксшысы кепілдік шарттарын бұзып, құқық қорғау органдарынан жасырынған. Кейін полиция оны ұстап, түрмеге қамаған.