Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевке кәсіпқой боксқа ауысу үшін миллион доллар ұсынған. Алайда спортшы ол кезде мансабын жалғастыруды ойламаған. Олимпиададан кейін ол Қазақстанның бокс федерациясында жұмыс істеп, кейін «Astana Arlans» клубын басқарған. Бұл туралы Серік Сәпиев өзі айтып берді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Серік Сәпиевке миллион долларлық ұсыныс жасалған
Олимпиададан кейін Серік Сәпиевтің кәсіпқой боксқа ауысуына мүмкіндік болған. Оның айтуынша, сол кезде кәсіпқой боксқа өту туралы ұсыныстар түскен.
«Менің өмірім өз ағысымен жүріп жатты. Спорттан кеткеннен кейін, әрине, кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныстар болды. Біз Головкиннің жекпе-жегін көруге барған кезде промоутерлердің бірі маған миллион доллар ұсынды», – деді ол.
Сәпиевтің сөзінше, ұсынысты айтқан адам аргентиналық боксшы Серхио Мартинестің промоутері болған.
«Ол келісімшартқа қол қоюым үшін миллион доллар беруге дайын екенін айтты. Бірақ мен ол кезде ағылшынша сөйлей алмайтынмын. Содан ол бұрылып, кетіп қалды. Кейін маған оның миллион доллар ұсынғанын аударып берді. Мен болсам: “Жақсы екен”, – деп қоя салдым», – деп еске алды Олимпиада чемпионы.
Серік Сәпиевтің айтуынша, сол кезде ол ақша табуды басты мақсат етіп қоймаған. Оның үстіне, спорттан тыс жаңа өмірі қалыптаса бастаған еді.
«Олимпиададағыдай жұдырықтаса алмаймын деп ойладым»
Олимпиада чемпионы спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Қазақстанның бокс федерациясында жұмыс істеген. Кейін «Astana Arlans» бокс клубын басқарған.
«Менің боксқа қатысы жоқ басқа өмірім басталғанына бір жарым жылдай уақыт өткен еді. Сол кезде кәсіпқой боксқа ауыссам, бұрынғы бабымда болмаймын деп ойладым. Сондықтан ол жаққа барып, Олимпиададағыдай өнер көрсете алмасам, не үшін баруым керек деп есептедім», – деді Сәпиев.
Дегенмен ол кәсіпқой бокста қажетті бабына қайта келуге мүмкіндік болғанын да жоққа шығармайды. Оның пікірінше, сол кездегі көзқарасы бойынша, спорттық формасын бұрынғы деңгейде сақтай алмайтынына сенімді болған.
Бапкері мансабын аяқтауға кеңес берген
Серік Сәпиевтің айтуынша, егер кәсіпқой боксқа ауысу туралы ұсыныс Олимпиададан кейін бірден түскенде, шешімі басқаша болуы мүмкін еді. Бұл ретте бапкерінің пікірі де маңызды рөл атқарған.
«Бапкерімнің маған ықпалы зор болды. Ол: “Болды, сен бәріне қол жеткіздің. Спорттық мансабыңды аяқта да, жұмыс істеуге кіріс”, – деді», – деп бөлісті боксшы.
Сәпиевтің сөзінше, сол кезде Қазақстанның бокс федерациясы да оны қолдап, жұмысқа қабылдаған. Соның арқасында ол спорттан кейінгі өмірін жаңа бағытта жалғастыра алған.
«Маған бокс федерациясының қолдау көрсеткені жақсы болды. Олар мені жұмысқа қабылдады. Оның үстіне, енді рингте басыңды соққыға аз бересің ғой. Бұл да үлкен артықшылық», – деп әзілдеді Олимпиада чемпионы.