Астанадағы интеллектуалды бейнебақылау жүйесі “Sergek” жаңа операторға ауысады. Жүйені әзірлеуші компания мен қала әкімдігі арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) келісімшартының мерзімі аяқталды. Бұл келісім қайта жасалмайды, деп хабарлайды Dalanews.kz Bes.media-ға сілтеп.
Мәслихат депутаттары жаңа оператор ретінде Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) Presignt компаниясын бекітті. Ол алдағы бес жылда қаладағы бейнебақылау жүйесін басқаратын болады.
Presignt компаниясы 2025-2030 жылдар аралығында Астанадағы жаңа “Smart City” жобасын іске асыруға кіріседі. Жоба құны 53 миллиард теңге, бұл қаржы толықтай жеке инвестор есебінен жұмсалады. Жобада қазақстандық компаниялардың үлесі 60% болмақ.
Жаңа оператор өз қаражаты есебінен бейнебақылау инфрақұрылымын жаңғыртып, қауіпсіздікті күшейтуге міндеттеледі. Компания келісімшарт бойынша төлемдерді тек жобаны толық іске қосқаннан кейін ғана алады.
Presignt міндеттемелері:
- 10 000 жаңа бейнебақылау камерасын орнату;
- 502 заманауи аппараттық-бағдарламалық кешендерді жолдарға орнату;
- 8 000 камераны терроризмге осал нысандарға (жекеменшік мектептер мен балабақшалар, вокзалдар, әуежай, LRT) интеграциялау;
- Барлық жүйені тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету;
- Талшықты-оптикалық байланыс арналары арқылы қосылуды ұйымдастыру;
- Деректерді өңдеу орталығын құру;
- Қалалық коммуналдық қызметтерге арналған бірыңғай ситуациялық орталықты ұйымдастыру.
Жаңа жобаның басты мақсаты – 100% қоғамдық орындарды бейнебақылаумен қамту және жол-көлік қауіпсіздігін арттыру. Жасанды интеллект қаладағы көлік қозғалысын тиімді реттеуге көмектеседі, ал үлкен деректерді талдау урбанистикалық процестерді оңтайландырады.
Жүйенің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінбек. Бейнебақылау деректеріне қолжетімділік ҰҚК және Мемлекеттік күзет қызметінің бақылауында болады.