Сепаратизмнің әлем үшін және Қазақстан үшін қаупі қандай?  

Dalanews 29 там. 2022 12:42 2600

 Жалпы адамзат тарихы – соғыстардан тұрады. Әрбір соғыстың түбіне үңілсек  - түрлі топтардың мүдделер қақтығысынан басталып, пендеуи дүниенің бөлінісімен аяқталатынын көреміз.

Өткен жүзжылдықта әлемді әбігерге салып, аумалы-төкпелі заман жасаған екі бірдей дүниежүзілік соғыстың екеуі де жерге талас пен әлемдік саяси жүйеге деген келіспеушіліктен басталған еді. Біздің қазіргі әлемдік тәртіп – Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң түзілген ереже негізінде қалыптасқан. Ол үшін жаһандық теңгерім мен тепе-теңдікті сақтау мақсатында БҰҰ құрылды. Ядролық державалардан тұратын қауіпсіздік кеңесі де өз қызметін сол кезеңнен бастаған болатын.

Алайда, уақыт өткен сайын сол заманның ережесімен қаланған тәртіпке бағынғысы келмейтіндердің қатары мен наразылығы арта түсті. Салдарынан әлемде «сепаратизм» термині қайтадан өзекті мәселеге айналып шыға келді.   


Сепаратизм – латын тілінде «separatus» сөзінен шыққан, «бөліну» деген мағынаны білдіреді. Яғни, біртұтас елдің бір бөлігінің өз тәуелсіздігін жариялап, жеке ел құруға немесе басқа мемлекеттің идеологиясын қолдау үшін бөлінуге деген ұмтылысын көрсететін саяси процесс. «Сепаратизм» дегенде негізгі мемлекеттік құрылымнан бөлінуге ниетті санасы басқа идеологиямен өзгерген, бүлікшіл құрылымның пайда болғанын түсінеміз. Тарихқа көз салсақ, «сепаратизмге» деген ұмтылыс АҚШ-тың жеке мемлекет ретінде пайда болуына әкелгенін көреміз.

Алайда дәл осы әрекет мұхиттың арғы жағында елдегі азаматтық соғыстың да өршуіне себеп болған еді. Жалпы колониялардың пайда болуының өзі Еуропа империяларын бір ғасырдан астам уақыт бір-бірімен қырқыстырып, отар елдерді өзара бөліске салғызып, соғыс ұйымдастырып, түрлі толқулар тудырғаны белгілі.  Мысалы, АҚШ-тың Наполеоннан Луизианы сатып алуы Испаниямен өзара соғысқа итеріп, оңтүстік Штаттардағы ішкі сепаратизмге жол ашқан еді. 1843 жылы АҚШ Мексикаға тиесілі Техас Штатының тәуелсіздігін мойындаған болатын. Соның салдарынан бұл жайт Техас пен Мексика арасындағы аумақтық дауға үнемі тамызық болды. Бұндай жағдайда соғыстың болмауы мүмкін емес еді. Себебі Мексика әрқашанда Техасты өзінің бір бөлігі ретінде санады. Дегенмен аумақтық дау-дамай өзара ымыраға келумен реттелді. Атап айтқанда, АҚШ Президенті сайлау қарсаңында жаңа штатты өзіне қосу туралы келіссөздер жүргізу туралы шешім қабылдады. Техас өзінің тәуелсіздігін жариялады және АҚШ-тың құрамына бір штат болып кіруге келісім беріп, АҚШ-тың алдындағы қарызын өтеу үшін жерінің бір бөлігін өтемақы ретінде ұсынды. Ал Мексика болса кейінгі кездерде онсыз да түрлі мәселесі көбейіп, қарызы ұлғайған Техас штатынан құтылып, әрі ол үшін төлем алып екі жеп, биге шыққандай күй кешкен еді.

Айтқандай, Симон Боливар ұзақ соғыстан кейін Венесуэла мен Латын Америкасының бір бөлігін испан үстемдігінен азат етуге қол жеткізгені белгілі. Мақсаты орындалған соң, ол өзі Латын Америкасында Жаңа Наполеон болғысы келді. Оның бұл әрекеті әрине парламентте келіспеушілік тудырды. Әрине оның қалауын қолдап, оны өмір бойы президент ретінде көргісі келетіндер де табылды. Алайда қоғамның басқа бөлігі дербес автономия жариялағысы келді.

Мысалы Перу тарихына ол диктатор ретінде енді және оны перуліктер өмір бойы президент болу құқығынан айырды. Осылайша жағдай шиеленісіп, жаулап алынған жерлер бірінен соң бірі бөліне бастады. Ол «ұтымды ой тәжірибе арқылы келеді, ал тәжірибе ақыл-ойдың жетіспеуінен пайда болады» дегенді жиі айтатын еді және бұл даналық ой оның өзінің жүріп өткен жолын дәл суреттейді.

Жалпы, тарихшылардың есебінше әлемде болатын осындай саяси күрт өзгерістер – қоғамдағы буын ауысуымен тікелей байланысты дейді. Мысалы                            20 ғасырда «сепаратизм» ең өзекті мәселе болған кезеңдер – 1918-1939, 1945-1968, 1968-1989 жылдар аралығындағы белгілі бір циклде орын алған екен. Яғни, орташа есеппен алғанда әрбір 21-23 жыл сайын қайталанып тұрған.

Сепаратизм ұғымы соңғы жүз жыл ішінде қатты өзгерді. Қазір біз қандай да бір елді тұтас әлемнен бөліп қарай алмаймыз. Сондықтан  кез-келген бір елдегі сепаратизм ошағы оған көрші мемлекеттердегі жағдайға әсер етуі әбден мүмкін және ол әлемдік жүйеге айтарлықтай өзгерістер тудыра алады. Әрине бүгінгі заманда халықтар мен мәдениеттер арасында қатып қалған шекара жоқ. Қазір адамдар бүкіл әлем бойынша көшіп-қонып жүре береді. Нәтижесінде түрлі мәдениеттер араласып, түрлі ұлттар бір-бірімен отау құрып жаңа менталитет қалыптастырып жатыр. Нәтижесінде қанша жерден дербес болса да өзара тығыз экономикасы байланысқа түскен әлем елдері бір-біріне өте тәуелді болып қалды.  Бұл принцип барлық мемлекеттерге тән құбылыс.

Кеңес заманында Украина мен Кавказдағы сепаратизм мәселелері өзекті болғаны белгілі. Бұл мәселеде Қазақстан да үнемі назарда болды. Атап айтқанда, неміс автономиясын құру идеясы, Алматы облысындағы ұйғыр және басқа да аудандарға дербестік беру мәселесі жиі көтерілетін және ол ұдайы жаппай наразылық тудыратын. 1991 жылдан кейінгі посткеңестік елдерде сепаратизм мәселесі ушыға түсті.   Атап айтқанда, Әзірбайжанда – Таулы Қарабақ, Грузияда – Оңтүстік Осетия және Абхазия, Ресейде – Шешенстан, Молдовада – Приднестровье және Гагаузия. Ал Ресей мен Украина қақтығысы ауқымы мен қарқыны жағынан әрине бұлардың барлығын басып озады.

Бұл жерде ерекше айта кететін мәселе бар. Егер өткен ғасырдағы биполярлық әлемде орын алған қырғи-қабақ соғыс кезінде геосаяси қақтығыс тек ядролық қару жарысы мен идеологиялық насихатта көрініс тапса, бүгінгі әлем көп полярлы және аймақтық державалардың қақтығысы алдыңғы орынға шығады. Бұндай түзілім жағдайды тіпті шиеленістіре түседі. Себебі қақтығысқа қатысушылар саны көп және олардың әрбірімен тіл табысу өте қиын.

Бүгінгі Қазақстан үшін кез-келген «сепаратизм» көрінісі опат қылмай қоймайтын «обырмен» тең. Ал әлемдегі бұл құбылысты жұқпалы індетпен салыстыруға болады. Бүгінде бұл әрекет жекелеген халықтың немесе аймақтың өзін-өзі даралауының көрінісін білдірмейді, бүгінгі жағдайдағы «сепаратизм» – әлемдік саясат пен насихаттың құралына айналып кетті. Ал оның салдары тек бір елдің аумағы үшін ғана емес, оның жақын көршілері мен стратегиялық серіктестері үшін де жойқын апатқа әкелуі мүмкін. Кез-келген елде орын алған ішкі тартыс пен қақтығыстың салдары тек сол уақытта ғана емес, оның келешегі үшін де қиындық туғыза береді. Әсіресе елдің экономикалық дамуын артқа кетіріп, шет елден инвестиция тартудың жолын кеседі. Кейінгі жылдары жалпы әлемде болып жатқан экономикалық дағдарыс пен соңғы екі жылдағы пандемияның салдары аз болғандай мемлекеттер арасындағы мүдделер қақтығысы – орталық басқару саясатына қарсы және түрлі деңгейдегі аумақтық кикілжіңдері елдердегі саяси шиеленісті өршіте түсті. Бұндай құбылыстар Испанияда Каталония наразылығы мен басқа да бірқатар аймақтардан көрініс тапты.

Бұл орайда, Орталық Азиядағы территориясы ең үлкен және ЕАЭО елдері ішінде екінші ірі мемлекет саналатын Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, Еуразиялық интеграция мен көпвекторлы саясат арасында тепе-теңдікті ұстауға тырысып келеді. Өзінің ішкі құрылымы бойынша көпэтносты қоғамы бар Қазақстан «сепаратизмнің» кез-келген көрінісін ел тәуелсіздігі мен халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін құбылыс деп таниды.

Украинаның шығысында Ресей Федерациясының дем беруімен орын алған сепаратизм көріністері – Ресейдің Солтүстік Атлантикалық Альянс блогымен теке-тіресі мен Украинаның өз ішіндегі биліктің әлсіреуінің нәтижесінде әскери шиеленіске әкеліп, әлемді азық-түлік, көші-қон және тіпті ядролық қауіпке итермелеп отыр. Бұл ретте, БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тараптарды бейбіт келіссөзге шақыра сөйлеген сөзінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығының маңыздылығына тоқталған болатын.

Украинадағы кикілжіңнен бөлек, Ауғанстандағы терең гуманитарлық дағдарыс та Орталық Азия елдерінің  қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіруде. Бұл ретте, Қазақстанның халықаралық ұйымдар үшін өңірлік алаңға айналып, аймақтағы тұрақтылық пен экономикалық дамудың кепілі болуға әлеуеті де, тәжірибесі де жетеді. Мемлекет басшысы бұл мәселеде: «Өткір гуманитарлық жағдай біздің басты басымдығымыз болуы тиіс. БҰҰ мекемелері мен басқа гуманитарлық ұйымдар қауіпсіз және кедергісіз гуманитарлық қол жетімділікке дер кезінде ие болуы тиіс. Алматы қаласында ұсынылған БҰҰ өңірлік хабын құру жөніндегі Қазақстан бастамасы осы маңызды миссияны орындауға ықпал ете алар еді. Біз БҰҰ-мен, көршілерімізбен және ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайынбыз» деген болатын.

Біздің территориялық көршіміз Қытай Халық Республикасы үшін де сепаратизм қаупі өте маңызды. Бұл ретте, 1993 жылы Қазақстанмен бірігіп қол қойған екіжақты шартта «сепаратизм» қаупі терроризм мен экстремизммен бірге тұратын «үш негізгі зұлымдық» қатарында көрсетілген. Себебі  Қытай үшін оның мемлекеттік біртұтастығын көрші мемлекеттердің мойындауы өте маңызды еді. Сондықтан жоғарыда аталған «үш зұлымдыққа» қарсы күрес Қазақстан мүшелігіне кірген ШЫҰ қызметінің басты бағыттарының біріне айналды.

Бірақ сепаратизммен күресті қарулы қақтығысқа жеткізбей қалай жүргізуге болады? Жалпы қарағанда соғыс әрекеттері жүріп жатқан уақытта да келіссөз үстеліне отырып, мәселені талқылауға болатыны белгілі. Мысал ретінде, Молдова Гагаузиямен, Ресей Шешенстанмен осылай жасағаны белгілі.

Жалпы әлемдік қауымдастық мұндай қақтығыстардың алдын алу үшін және ол  орын алған жағдайда онымен қалай күресу керектігі туралы ұсыныстарды бұрыннан әзірлеп қойған. Ол үшін өз аумағында да, көршілес елдерде де сепаратизм көріністерінің болғанын қаламайтын мемлекеттер мынадай нормаларды сақтауы қажет:

  • БҰҰ-ның 3 қағидаты – яғни, мемлекеттердің егемендік теңдігін сақтау, аумақтық тұтастықты құрметтеу және мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі;

  • Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пакті;

  • Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті.


 

Былай қарағанда қарапайым ғана қағидалар. Алайда, әдетте болатындай қарапайым ұстанымдарды сақтаудың өзі қиындық туғызып жатады. Дегенмен, бұл мәселе бойынша ЕҚЫҰ әзірлеген жеке құжаттар да бар. Егер оларды сақтай білсе елдегі сепаратизмнің дамуына жол бермеуге әбден болады. Олар:

  • Тіл саласында аз ұлттардың құқығы туралы Осло ұсыныстары;

  • Әр түрлі қоғамдарды біріктіру бойынша Любляна ұсыныстары;

  • Көпұлтты қоғамдағы полиция қызметі мәселелері бойынша ұсыныстар;

  • Аз ұлттардың білім алу құқықтары туралы Гаага ұсыныстары;

  • Аз ұлттардың қоғамдық-саяси өмірге тиімді қатысуы туралы Лунд ұсыныстары;

  • Мемлекетаралық қатынастардағы аз ұлттар туралы Больцан ұсыныстары.


 

Бұл ұсыныстардың барлығы да өкінішке орай, түрлі қақтығыстардың салдарынан төгілген қан, шыққан жан тәжіриесі негізінде жазылған. Сондықтан бұған жүрдім-бардым қарамаған жөн. Ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін жұмсалатын күш-жігер, басталып кеткен жанжалды тоқтату және оның салдарын жоюға қажетті ресурстан он есе аз болатынын түсінуіміз керек.

Сондықтан Қазақстанның сепаратизмнің кез-келген түрін қолдамау тұрғысындағы ұстанымы – халықаралық құқықты сақтау ғана емес, экономикалық жағынан да әбден зерделенген шешім. Біз әлемге осы ұстанымды насихаттау мен тарату үшін ғана емес, сонымен бірге өзіміздің ішкі бірлікті нығайту үшін үнемі жұмыс істеуіміз керек.

 

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар