Сенген Сапарбаев осылай істейтін болса, басқалары не істемейді?

Dalanews 01 там. 2016 03:46 767

Осыдан біраз бұрын кәсіпкер Айдын Егеубаев Бердібек Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған тұста Қытай Халық Республикасына Үржар ауданы аумағынан 85 мың гектар жердің сатып жібергенін жазған болатын.

Бұған қатысты «Ақтөбе ақпарат» орталығы ресми хабарлама берген-ді. Онда Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың ШҚО әкімі болып тұрған тұста бір де бір гектар жердің шетел азаматтарына сатылмағаны айтылған.

«Айдын Егеубаевтың бұл мәлімдемесіне қатысты «Ақтөбе ақпаратқа»  ШҚО Үржар ауданы әкімінің міндетін атқарушы  Жарқынбек Байсабыров мәлімет берді. Оның айтуынша, 2010-2011 жылдары мемлекеттік жер қорынан «Даремет» ЖШС директоры С.Хван (29827 га), «Ырғын» ЖШС директоры А.Ізімғалиев (8 712 га), «Манфагат» ЖШС директоры Н.Тасмұратовтар (48 903 га) жер алған, ал Бердібек Сапарбаев ШҚО әкімі болып тұрған тұста облыста жер ҚХР азаматтарына сатылған жоқ»,  делінген хабарламада.
Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі де растады.

Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2016 жылдың бірінші жарты жылдығын қорытындылаған жиында журналист Асқар Ақтілеуовтің сұрағына аймақ басшысы былай деп жауап берді:

— Біріншіден, мен жер сатты деп жазған жігітті көргенім жоқ, танымаймын да. Біздің мемлекеттің заңы бойынша ұлтарақтай жер шетелдіктерге сатылмайды. Осы уақытқа дейін мен ол кісінің айтқанына қатысты үндемей отырғанымның себебі – ресми мәлімет күттім.  Ресми мәліметті өздеріңіз алдыңыздар. Мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезде бір де бір сотық жер шетелдіктерге сатылған жоқ. Егер ол азаматтың бұған қатысты күмәні болса, барсын, тексерсін.

Мен бұл мәселе туралы көп ойландым. Және ол кісіні ресми түрде сотқа беремін деп шештім. Себебі ол осындай мәліметті әлеуметтік желіге жариялағаннан кейін менің атыма көптеген cөз айтылды: «Сенген Сапарбаевымыз осылай істейтін болса, басқалары не істемейді?» деген секілді менің абыройыма нұқсан келтіретін сөздер айтылды. Сондықтан, мен оны сотқа беремін, материалдық шығын өндіремін  және оны қандай да бір жетімдер үйіне аударамын, — деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ Б.Сапарбаев әлеуметтік желі пайдаланушыларын мәдениетті болуға шақырды: «Бізде әлеуметтік желілерді пайдалану деңгейі өте төмен. Біз әлеуметтік желілерді бір-біріміздің өкпелерімізді айтуға, бір-бірімізбен есеп айырысуға пайдаланамыз. Содан келіп біреулердің сөзіне сенеміз. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, әлеуметтік желілерді пайдалануда да адамда үлкен мәдениет болуы керек», — деді аймақ басшысы.

Дереккөз: aktobenews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар