Семейге статус беру? Тоқаевқа қойылған сауалға Мәдениет министрі жауап берді

Dalanews 16 нау. 2021 04:54 899

Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытов Семей қаласы туралы: - «...Семей - бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табысы Семейде. Семей - бір губерния елдің тірегі.» деген екен. 


Ұлы Абай атамыздың 175 жылдығына орай қала жұртшылығын қуантақан басты жаңалықтың бірі - ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Семей қаласын «тарихи орталық» деп  жариялап статус беру туралы тапсырма бергені еді.


Президентіміз осы мәлімдемесі арқылы, Семей жұртшылығы алдында, ең бастысы, ұлы Абайдың аруағының алдында өз мойнына жауапкершілікте жүктеген еді. Бірақ арада жылдан астам уақыт өтсе де Президенттің айтқан сөзі тек сөз жүзінен әріге аспады. Әрине, статус туралы мәлімдемесіне сәйкес мемлекет басшысының атына ЭЦҚ арқылы бір емес үш рет хат та жазылды.


Өйткені, қазақ халқы қашанда көш тізгінін ұстаған басшысының әр ісіне, берген сөзіне зор сеніммен қарап артынан ерген халықпыз ғой. Оның үстіне, Семей қаласы саясаттың құрбанына айналып, облыс мәртебесінен айырылып, тек ақынның мерейтойы кезінде ғана еске түсіп, өз әділ бағасын ала алмай келе жатқан қала десек артық айтқандаық емес. Қаланың қордаланған мәселеелері тек спорт кешені мен ақын ескерткішін ашумен де шешіле қоймасы анық.


Кезінде Алаш арыстарының да талғамына жауап бере алған қала өзінің табиғи да, зиялы ортасымен де Алашорда автономиялық үкіметіне астана болғаны тарихтан белгілі. Заман өзгерді ме, болмаса тәуелсіздік алған елдің басшыларының жеке көзқарасына жауап бере алмады ма, ел арасында - «Семей қаласы биліктің қырын қабағына ілінген қала..» делінетін алып-қашпа сөз де көп.


Ешкім де көптің аузына қақпақ бола алмайды.


Жасырып керегі не, оны елордадағы жылына бір ат ізін салып арнайы алдын ала дайындап қойған маршрктпен келіп кететін ірі шенеуніктер емес, қала жұртшылығы оны өз жан жүрегімен жақсы сезінеді. Әйтеуір, «ұялған тек тұрмас» дей ме екен, билік тарапынан Семейге деген қиғаш көзқарастарын Абай атамыздың мерейтойы кезінде жарысып челлендж жасап, ақынға деген «сүйіспеншіліктерін» жарнамалап ақтап алуға тырысып жататыны да шындық.


Айтпаса сөз атасы өледі. Сонымен, ҚР Президентіне қойылған үш сұраққа жауап беру бақыты - Мәдениет министрі А. Райымқұлованың маңдайына бұйырыпты.


Тікелей Президентке қойылған қаламыз үшін аса маңызды сұраққа Президент Әкімшілігі емес, Мәдениет  министріне сілтеме жасалуы жұртшылықтың түсінбестігін тудырды.


«Сөзімнің қадірі - Өзімнің қадірім» деген уәдеге берік ел едік, рухани құндылықтары тек Рухани жаңғыру бағдарламасының аясынан аса алмай қалғандай келеңсіз ойларға жетелейді.


Қаламызға берілген тарихи статус, Мәдениет министріне қойылған сұрақ емес, тікелей мемлекет басшысына қойылған сұрақ болатын. Президенттің аузынан шыққан сөзге қашаннан бері Мәдениет министрі жауап беретін болған?



«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы тарихи орталық туралы мәлімдемесі А. Райымқұлованың отыз екі тісінен шықпаған еді ғой. Әлде, бұл мәселе мәдениет министрінің құзыретіне жататын, министрлік тарапынан шеше салатын сұрақ па еді? Президент Әкімшілігінің «Құрмет» таққан құрметті азаматтары жауап беруге қауқарсыз болғаны ма?     Қазақты, мемлекетімізді барша әлемге паш еткен Абай, Шәкәрім, Мұхтарды тудырған киелі қаланы мәртебесін ресми статус беруге сараңдық танытылуы - Үкімет тарапынан зиялылық деп айта алмас едік. Киелі мекен Семей саясаттың қуыршағы болмауы тиіс, киесі атып жүрмесін. Семей мен Абай мәңгі ажырамас егіз ұғым, Семейге деген құрмет - Абайға деген құрмет!
Қазақ поэзиясының Хан тәңірісі атанған заңғар ақын Мұқағалидың:


«...Ойхой, Абай даласы, "Абайлаған",
Семей десе, Абай деп қарайды адам.
Талай жылдар өтсе де, талай заман,
Қалам тартар қазақта ақын туса,
Аруағына Абайдың қарайлаған.» соның айқын дәлелі.



Семей қаласына тек мерейтой кезінде ғана еске түсетін мерейтойлық іс-шараларда, болмаса, ұтымды сәтті аңдып жоғарының көзіне түсіп қалғысы келетін шенеуніктер эстафета жасап жарысатын челленджбен өлшенбесе керек, шын құрмет мақтан үшін емес. Ұлы Абай атамыздың: «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деген еді, Абайдың жүрегі арқылы Семейдің тереңіне бойлай алдық па.


Мәдениет министрінің жауабындағы көрсетілгендей тек мерейтой қарсаңында ғана ескерткіш тұрғызу, жол бағдарламасы арқылы «есеп-отчет» берумен тоқтайды ма. Семей жұртшылығы үшін аса маңызды мәселеге естімеген кейіп танытып оны министрлікке итере салатын болсақ, онда несіне «еститін Үкімет» туралы жар салып жүр екенбіз? Ата Заңымыздағы: «ҚР Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.» деген анықтама жай жазыла салған сөз емес деп ойлаймыз.


Президент өз сөзіне өзі жауапты болуы керек. Статусты бекіту құзыреті - министрліктің емес, Президенттің тікелей құзыретінде екені айтпаса да түсінікті.


Президенттің Семей жұртшылығы алдында берген статусы сөзбен ғана шектелмей, Президенттің әр сөзі салмақты болып арнайы  Жарлықпен бекітілуі тиіс шығар.



Мәдениет министрінің екіұшты жауабында: «Нұрсұлтан - елорда, Алматы – Оңтүстік астана, Түркістан – рухани орталық» деген атаулардың ресми емес екені айтылыпты. Бірақ, министр ханым ол қалалардың Республикалық, Облыстың статустарға ие орталық екенін ескеріп неге ауызға алғысы келмей отыр екен?


Қырық жыл атом жарылысының құрбаны болған киелі Семей қаласы енді Тәуелсіздік тұғырға қонған заманда өз саясатымыздың құрбанына айналғаны өте өкінішті..


Тағы бір айта кететін жағдай, егер Министр А. Райымқұлова өз жауабында статус беру мәселесі қаражатқа да келіп тірелетінін де келтіріпті. Мәселе тек қаражатқа байланысты болса, біз кедей елде тұрып жатқан жоқпыз.


Ата-бабаларымыз түн ұйықтамай, күн отырмай, қызыл қанын төгіп «ұрпағым қызығын көрсін» деп аманат етіп қалдырған қойнауы мол қазынаға толы жеріміз бар. Менделеев элементінің 99 түрі кездесетін бай мемлекетте тұрып жатырмыз. Әлде, мен қателесіп отырмын ба?


Семей осынау кең даланы қанымен қорғап қалуға өлшеусіз үлес қосқан Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Мамай бастаған даңқты батырлардың ат тұяғының басқан ізі қалған киелі мекен екенін де бір сәт естеріңізден шығармағандарыңыз абзал шығар. Мәңгі қарыздарсыздар!


Сөз соңында айтарым, Ұлы Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Омарханұлы Қазақстан мемлекетінің руханиятына өлшеусіз үлес қосып елімізді барша әлемге танытқан тұлғалар. Сол ұлылардың кіндік қаны тамған Семей қаласы сайқал саясаттың құрбаны емес - облыс немесе Республикалық статусына да әбден лайық қала деп санаймыз!


«Семей десе - Абай, Шәкәрім, Мұхтар деп қарайды адам...»,  Арлы болайық!


Ерлан Шаяхметұлы,
Семей қаласы, 14.03.2021 жыл.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар