Осы ретте әнге жаны құмар болашақ жарық жұлдыздардың басын қосып, оларға сыйқырға толы сазды әуенннің сан түрлі сырларын үйреткен «STAR» вокалдық студиясының атқарған жұмысын айрықша атап айтуға болады. Бүгінде студия тәлімгерлері қалалық, облыстық, республикалық ән байқауларды айтпағанда, халықаралық сайыстарда топ жарып жүр. Жуырда аталған студияның шәкірттері – Айдана Жалелова, Алтыния Ғазизова, Малика Жантасова, Даяна Мақұлбаевалар «Таңғы Шұғыла» шығармашылық фестивалінің аясында өткізілген «Зимний звездопад» халықаралық сайысында бірқатар аталымдар бойынша жеңіске жетіп, білім ордасының абыройын асқақататты.
– Көптеген адамдар біздің мектептің атауына қарап оқушыларды біліммен ғана қаруландырады деп ойлап қалады. Бұл жайында ара-тұра естіп қаламын. Біз алдымызға келген оқушыға озық үлгідегі білім берумен қатар оның тұлғалық дамуына да ерекше назар аударамыз. Мысалы, соңғы 7 жылдан бері тұрақты түрде жұмыс жасап келе жатқан «STAR» вокалдық клубы талай әншінің мектеп қабырғасында жүріп-ақ танылуына жол ашты. Ал Өскемен қаласында өткен бұл сайысқа алғаш рет қатыстық. Соған қарамастан айымыз оңынан туып, жүлделі оралдық. Ендігі меже – осы деңгейден түспеу, – дейді музыкалық көркемдік жетекші Руслан Қасенов.
Ән әлемінде жаңа таланттардың танылауына жол ашып, музыка мәдениеті мен өнерінің дамуын басшылыққа алған халықаралық байқау 2 күнге созылып, оған 3-50 жас аралығындағы әуесқой әншілер қатысып, сахнаны нағыз сайыс алаңына айналдырған. Жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінген үміткерлер вокал, би, актерлік шеберлік, аспаптағы шығармашылық, көркем сурет, хор, киім үлгілері аталымдары бойынша араларындағы мықтыларды анықтады.
Сайыс шарты бойынша шынайы дауыста ән шырқаған семейлік өнерпаздардың арасынан Айдана Жалелова «Эстрадалық вокал», Алтыния Ғазизова «Классикалық ән», Малика Жантасова «Заманауи вокал» аталымдары бойынша Гран-при жүлдегерлері атанды. Мектебіміздің 8-ші сыныбында оқитын өнерлі қыздар арнайы мақтау қағазы мен Кубокке ие болды. Ал 7-ші сынып оқитын тағы бір үміткеріміз Даяна Мақұлбаева 10-12 жас аралығындағы «Эстрадалық вокал» аталымында 1-ші орынға ие болып, мақтау қағазы мен алтын медальмен марапатталды. Осы дарынды балалардың талантын ұштап, шығармашылық тұлғаны дамыту саласындағы толағай табысы мен қажырлы еңбегі үшін жетекшілері Руслан Қасенов ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат алды. Біз үшін үлкен мақтаныш.
Ежелден ән мен жырға құмар, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің кіл мықтылары дүниеге келген қасиетті топырақта олардың ізін жалғастырушылардың біздің арамыздан шығуы зияткерлік мектебіміздегі білім мен тәрбиенің қатар сәтті жүргізіліп келе жатқандығының куәсіндей.
Ермек ИСАБАЕВ, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.