Семейде облыстық соттың жаңа ғимараты ашылды

Ақтоты Жапатова 18 сәу. 2025 11:32 265

Бүгін Семейде облыстық соттың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер алқасының төрағасы Аслан Тукиев, ҚР Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Шәкір Шаяхметов, өңірдің сот жүйесінің ардагерлері мен қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Соттың жаңа ғимараты төрт қабатты. Жалпы аумағы 7910 шаршы метрді құрайды. Нысанда 9 сот залы, 78 қызметтік кабинет, медиатор, адвокат, прокурор, омбудсменге арналған бөлмелер бар. Заманауи фронт-офис, баспасөз орталығы, мұражай, акт залы, психологиялық көмек бөлмесі келушілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Сот отырысы залдары аудио-бейнежазба жүйесімен, қауіпсіздік және бейнебақылау технологияларымен толық жарақталған. Жаңа ғимаратта 17 судья мен 45 әкімшілік қызметкер жұмыс істейтін болады.

ҚР Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер алқасының төрағасы Аслан Тукиев жаңа ғимарат Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынғанын, бұл сот төрелігін сапалы жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам екенін айтты.

Нысанның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы облыс құрылғаннан бері Семейде салынған алғашқы еңселі, жаңа ғимарат екенін атап өтті.

«Бұл – тек жаңа нысан ғана емес, халықтың әділдікке, заңға және теңдікке деген сенімінің нышаны. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сот жүйесін жетілдіруді, оның әділ әрі қолжетімді болуын әрқашан басты назарда ұстап келеді. «Әділетті Қазақстан» идеясының өзегі де – осы. Сондықтан бұл жаңа ғимарат азаматтардың құқығы қорғалатын, даулары әділ шешім табатын, заң үстемдік құратын қасиетті орынға айналуы тиіс. Абай облыстық сотының ұжымы бұл ғимаратта осы міндетті абыроймен атқарады деп сенеміз. Заң мен тәртіптің, әділдіктің жолында табандылықпен еңбек етіп, еліміздің сот жүйесінің дамуына сүбелі үлес қосарына күмән жоқ», - деді облыс әкімі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар