Ертең Семейде өтетін «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумы қарсаңында қаланың автобус паркі жаңа автобустармен толықты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Қазіргі таңда қала аумағында 42 маршрут жұмыс істейді. Оған 331 автобус тартылған. Облыс орталығында 5 тасымалдаушы жолаушыларға қызмет көрсетеді. Семейдің автобус паркі 2019 жылдан бері жаңартылмаған, яғни, жаңа автобустар алынбаған екен.
Бүгін Семейде заманауи, жаңа автобустар таныстырылды. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Авто Транс Семей» ЖШС Семейде жасалған 44 жаңа автобусты сатып алып, қаланың көлік жүйесін жаңартуға үлес қосты. Ерекше атап өтерлігі, жаңа автобустардың барлығы салқындату құрылғыларымен жабдықталған.
Облыс әкімі Берік Уәли жаңа автобустарды көріп, қалаішілік жолаушы тасымалдау саласында тұрғындардың қолайлылығына бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
«Осыдан бір ай бұрын облыстың даму жоспарын таныстырған кезде қаланың автобус паркін жаңартамыз деп уәде бергенбіз. Міне, енді 44 автобусты қалаға жібергелі тұрмыз. Оның 30-ы үлкен, 14-і шағын автобустар. Барлығы өзіміздің Семейде шығарылған. Сапалы, бәсекеге қабілетті автобустар. Бұл автобустарға басқа облыстар да қызығушылық танытып, сұранысқа ие болып отыр. Бірақ автобус шығаратын зауыттың басшылығы бірінші болып бізге осындай мүмкіндік туғызып отыр. Жыл соңына дейін жаңа автобустардың санын 70-ке жеткізуді көздеп отырмыз. Келесі жылға тағы да 50 автобус аламыз деген жоспарымыз бар. Осылайша кезең-кезеңімен Семей қаласындағы автобустарды жаңартамыз. Енді қала тұрғындары салқындатқышы бар автобустармен алғаш рет жүретін болады. Абайдың 180 жылдығына орай алынған автобустар ұлы ақынның логотипімен безендірілген. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындары мен қонақтарының жүріп-тұруына жайлы жағдай туғызу. Осы бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырамыз», - деді аймақ басшысы.