Семей қаласының Солтүстік ауданында автожуу ғимаратынан өрт шығып, жалын жүк көлігі мен екі жеке тұрғын үйге тараған. Өрт сөндірушілер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өрт Сосновая көшесіндегі бір қабатты автожуу ғимаратында болған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін газгольдер жарылған.
Өрттің жүк көлігі мен екі жеке тұрғын үйді де шарпығаны анықталды. Қазіргі уақытта өрттің аумағы нақтыланып жатыр.
«Оқиға орнында үздіксіз су беру қамтамасыз етіліп, өрт сөндіру оқпандары берілді», – деп хабарлады ТЖМ.
Өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнында арнайы штаб құрылды. ТЖМ күштері мен құралдары жоғары ранг бойынша жұмылдырылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Өрт сөндірушілер жалынды толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.