Семейде Қала күні аясындағы мерекелік шараларға 150 мың адам қатысты

Семейде Қала күні аясындағы мерекелік шараларға 150 мың адам қатысты
Абай облысы әкімдігі

Биыл Семейде Қала күні «Семейді сүю – тарихқа бас ию!» тақырыбымен аталып өтті. Жеті күнге созылған мерекелік апталық аясында мәдени, спорттық және танымдық бағыттағы 20-дан астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, 150 мың адам қамтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мереке аясында ұлттық спортты ұлықтаған бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар аударыспақ, қол күрес, гір көтеру және арқан тартыстан жарыстар өтіп, қатысушылар күш-қайраты мен ептілігін сынға салды.

Сондай-ақ күш пен жігерді сынаған «Семей батыры» турнирі, салауатты өмір салтын дәріптеген «TUNGI RUN – SEMEY» түнгі жүгіру шарасы өтті. Балалардың өнер байқауы, қолөнер жәрмеңкесі мен спорттық сайыстар тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мерекелік апталық Қарағайлы шағынауданындағы Республика алаңында өткен ауқымды Open Air гала-концертімен қорытындыланды. Сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AYREE, Ернар Амандық, сондай-ақ Қырғызстаннан AMIRCHIK, Германиядан NANA DARKMAN және Молдовадан ARSENIUM FROM O-ZONE өнер көрсетті. Кешті Жазира Еркін мен DAKE жүргізді.

Гала-концерттің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли барша семейліктерді Қала күнімен құттықтады.

«Баршаңызды Семей қаласының туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Семей – тарихы терең, тағылымы мол, Алаштың астанасы болған ерекше қала. Семейді сүю – тарихқа бас ию. Қазақ мемлекеттігінің тарихы Семей қаласымен тығыз байланысты. Алаш қайраткерлері осы қалада қызмет етті. Семей – тұңғыштар мекені. Тұңғыштардың барлығы Семей топырағында дүниеге келген. Біз осымен мақтанамыз. Бүгінде Семей қаласы Мемлекет басшысының тікелей қолдауының арқасында күннен күнге көркейіп келеді. Биыл облыс орталығындағы 700-ге жуық тұрғын үйге алғаш рет жазда ыстық су берілді. Жүзге жуық көшелер жаңартылып, аулалар абаттандырылып, жолдар жөнделіп, жаңа кейіпке еніп жатыр. «Абайға құрмет» акциясы аясында көптеген мәдениет, спорт нысандары салынуда. Биыл Қала күні алғаш рет кең ауқымда, бір апта көлемінде, жоғары деңгейде атап өтілді. Туған қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, әрбір игі іске қолдау білдіріп жүрген барша азаматтарға алғыс білдіремін», – деді аймақ басшысы.

Тұрғындарға қолайлы болуы үшін гала-концерттің тікелей көрсетілімі Арбат аумағында және Мұхтар Әуезов алаңында ұйымдастырылды. Мерекелік кеш жарқын отшашумен аяқталды.