Семей орманындағы қасірет экранда: «38. Соңғы нүкте» прокатқа шықты

Семей орманындағы қасірет экранда: «38. Соңғы нүкте» прокатқа шықты
Kazakh.Film

2023 жылғы «Семей орманы» резерватындағы алапат өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың тағдырына негізделген «38. Соңғы нүкте» көркем фильмі кең прокатқа шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Фильм авторы Мақсат Жұмахановтың өзі де орманшы. Оның айтуынша, картина идеясы кино саласынан емес, ормандағы күнделікті жұмысынан және осы салада еңбек ететін азаматтардың өмірінен туған.

«Мен өзім орманшымын. Киноға да, медиаға да қатысым болған жоқ. Бұл оқиға менің өзіме жақын, себебі мен осы саланың ішіндемін. Менің орманшы болып жүрген бауырларым, әріптестерім бар. Олардың күнделікті еңбегін, қандай жағдайда жұмыс істейтінін, қандай қауіпке баратынын жақсы білемін. Сондықтан осы оқиғаны экранға шығару туралы ой пайда болды. Ал оны жүзеге асыруға режиссерлер мен шығармашылық топтағы жігіттер көп көмектесті. Мен орманшы ретінде білетін дүниелерімді айтып бердім, ал олар сол оқиғаны кино тілімен жеткізуге мүмкіндік жасады», – деді Мақсат Жұмаханов.

Фильмге 2023 жылы «Семей орманы» аумағында болған алапат орман өрті негіз болған. Сол қайғылы оқиға кезінде 15 орман шаруашылығы қызметкері қаза тапқан. Картина авторлары фильм арқылы қызметтік міндетін атқару кезінде өмірін қиған азаматтардың ерлігін еске алып, олардың рухына тағзым етуді мақсат еткен. 

«Бұл фильмді түсіру біз үшін жай ғана кино жасау болған жоқ. Біз сол кезде қаза болған азаматтарды ұмытпауымыз керек деп ойладық. Олар өз міндетін атқарып жүріп өмірден өтті. Сондықтан олардың есімі, еңбегі мен тағдыры кейінгі ұрпаққа жетсе дейміз. Бұл сол азаматтарды еске алу, олардың отбасыларына деген құрметіміз», – деді фильм авторы.

Фильм сюжеті табиғи апатпен бетпе-бет келген орманшылардың оқиғасы арқылы өрбиді. Кейіпкерлердің тағдыры негізінде адам өмірінің құндылығы, достық пен отбасы, борыш пен жеке таңдау мәселелері көтеріледі.

Картинада орманшылардың кәсіби міндеті ғана емес, төтенше жағдайда қабылдайтын шешімдері мен адам өміріне деген жауапкершілігі де көрсетіледі. Фильм көрерменді табиғатқа ұқыпты қарауға және орманшылар еңбегінің маңызын бағалауға үндейді.

«38. Соңғы нүкте» фильмінің режиссері – Төребек Бейсебаев, продюсері – Нұржігіт Хайдар. Басты рөлдерді Асан Мәжит, Арман Уахитов, Алтыншаш Шаяхмет, Алмат Сакатов, Төлепберген Байсақалов, Асылбек Әйтіш және Мақсат Сабитов сомдайды.

Кинокартина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильм 3 қыркүйектен бастап Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шықты.