«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты 3,1 млрд теңгеге сатып алынған орман өртін ерте анықтау жүйесіне байланысты «Қазақтелекоммен» соттасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
БАҚ мәліметінше, Экология және табиғи ресурстар министрлігі резерваттың мердігермен жасалған келісімшартты біржақты тәртіппен бұзғанын растады.
Ведомствоның мәліметінше, резерват соттан «Қазақтелекомды» мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануды және алдын ала төленген 937,2 млн теңге авансты қайтаруды талап етіп отыр.
Тараптар арасындағы келісімшарт 2025 жылғы 30 сәуірде жасалған. Жүйені сынақтан өткізу кезінде комиссия түтін мен өрт ошақтарын әрдайым дер кезінде анықтай алмағанын анықтаған. Сондай-ақ жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты резерват аумағының бір бөлігі бейнебақылау аймағынан тыс қалған.
Министрліктің мәліметінше, анықталған кемшіліктердің бірқатары белгіленген мерзімде жойылмаған. Осыған байланысты 2025 жылғы 19 желтоқсанда келісімшарт бұзылған.
Өз кезегінде «Қазақтелеком» бұл шешімге сот арқылы қарсылық білдірді. 2026 жылғы сәуірде сот келісімшартты біржақты бұзуды заңсыз деп танығанымен, мердігердің міндеттемелерді тиісінше орындамағанын және жүйенің техникалық ерекшелік талаптарына толық сәйкес келмейтінін де көрсеткен. Қазіргі уақытта сот талқылауы жалғасып жатыр.
Дауға қарамастан, орман өртін ерте анықтау жүйесі техникалық мүмкіндігі шегінде пайдаланылып келеді. 2026 жылғы шілдеде болған орман өрті кезінде ол жердегі патрульдеу және өрт бақылау мұнараларымен бірге қолданылған.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата да аталған жүйенің бірқатар кемшіліктеріне назар аударған болатын. Атап айтқанда, жүйе түнгі уақытта өртті кеш анықтап, кей жағдайларда өрт ошақтарының нақты координаттарын белгілеуде қиындықтарға тап болған.
Сонымен қатар келісімшарт бойынша төленуі тиіс қалған шамамен 2,2 млрд теңге мердігерге аударылмай, республикалық бюджетке қайтарылған.