Сексизммен бетпе-бет: әйел жүргізушінің ойы

Асель Қайратқызы 06 қаз. 2025 15:02

Қоғамда қалыптасқан ескі көзқарастарға қарамастан, қазіргі таңда әйелдердің авто- көлік жүргізудегі орны айтарлықтай артып келеді. Бұрыңғы кезде көлік тізгіні көбіне ер азаматтардың еншісінде саналған болса, бүгінде нәзік жандылар да жол ережелерін жетік меңгеріп, сенімді түрде көлік жүргізіп келеді. Бұл- заман талабына сай өзгерген көзқарастың, әйелдердің белсенді өмірге араласуының көрінісі. Сол себепті біз тәжірибесі мол жүргізуші Дана Әлиевадан нәзік жандыларға артатын сексизм туралы сөз қозғадық.

Көлік жүргізу- әйел адамға тән емес пе?

Yandex Taxi компаниясында көп жылдар бойы таксист болып жұмыс істеген нәзік жан ару Дана Әлиеваның айтуы бойынша:

« Мен көлік жүргізіп жүргеніме біраз жыл болды. Алғаш рет рөлге отырған кезім- 2001 жыл. Ал ресми жүргізуші куәлігімді 2003 жылы алдым. Шын айтсам, алғаш көлік тізгіндегенде бәрі оңай көрінген, бірақ өмір бәрібір өз сабақтарын үйретеді екен.

Бірінші көлігімді алған соң, оны үш ай ғана мініп үлгердім. Жол апатына түсіп, көлік аударылып қалды. Жаңа машина еді, бірақ оны сатуға тура келді. Содан кейін Еуропадан әкелінген көліктерді сатып алған кездерім болды. Содан бері шамамен 8 көлік ауыстырдым».

Сонымен қатар көліктегі аруымыз нәзік жандылардың табиғаты туралы біраз ойымен де бөлісіп өтті:

«Кейде ойлаймын: әйел адам- табиғатынан көп міндетті қатар алып жүре алатын жан. Сол себепті жолда келе жатып, ереже бұзбай, қауіпсіздік белдігін тағып, баласын жұбатып, біреуге қоңырау шалып, тіпті айнаға бір көз салып, ерін бояп үлгеретін де әйелдер бар.

5-6 жыл бұрын жолда ақырын жүріп келе жатқан көлікті көрсек, бәріміз «әйел отыр» деп бірден шамалаушы едік. Ал қазір олай айту қиындау. Телефонға үңілген жүргізушілер көбейді- ер адамдар да, әйелдер де. Көшеде отырып алып, лентаны айналдарып, рөлде емес, Instagram- да жүргендей күй кешетіндер өте көп. Бұл- жай ғана байқамаушылық емес, бұл- дабыл қағатын жағдай».

Дана Әлиева алғаш көлікке отырған кезде болған қиындықтар мен алғашқы қорқыныштар жайлы былай дейді:

«Жолда жүруді механикамен үйрендім, солай емтихан тапсырдым. Бірақ алғашқы өз көлігім- автомат болды. Оның үстіне- оң жақ руль, тағы да үлкен джип- Toyota Fortuner. Күйеуім көлікті Алматыдан әкеліп, үйге жеткізіп берді де, таңертең жұмысқа кетіп қалды. Ал мен жалғыз қалдым: үлкен көлік, оң руль- қорқыныш басып қалды. Бір жақсысы, жұмысым жақын еді. Алғашқы күндері көлікті мекемеден 50 метр жерге қоя салатынмын- өйткені көлікті тар жерде қоя алмаймын, біреуге соғамын ба деп қорқамын. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйренесің екен. Бір көліктен екіншісіне оңай ауыса бастайсың».

«Бір кезеңде такси қызметінде де жұмыс істедім, шамамен 2 жылдай. Клиенттердің көбі әйел жүргізушілерді саналы түрде іздейтін. Әсіресе, баласын жалғыз жіберетін ата-аналар «әйел жүргізуші болсыншы» деп сұрайтын. Тіпті арнайы «мама- такси» деген жобаларға шақырған. Себебі әйелдің мұқиятттылығына, ұқыптылығына сенеді. Өзімнің рейтингім де жоғары болған», - деп өз сырымен бөлісті Дана Әлиева. 

Статистикаға бет бұрсақ

2024 жылы елімізде 31 597 жол апаты тіркелген. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес:

25 149 оқиғада ер адамдар кінәлі деп танылған,

2 786 жағдайда әйел жүргізушілер кінәлі болған.

ІІМ дерегі бойынша:

2024 жылдың ақпанының соңына дейін Қазақстанда 6 259 916 жүргізуші куәлігі берілген.

Оның ішінде:

74, 52% - ер адамдарға (4 664 991 адам),

25,48%- әйелдерге ( 1 594 925 адам).

Ал енді мас күйінде көлік жүргізу мәселесіне тоқталсақ:

2024 жылы алкогольдік, есірткілік немесе уландырғыш заттардың әсерімен көлік жүргізгені үшін 24 786 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Олардың ішінде:

95,2 %- ер адамдар,

4,8%- әйелдер болған.

Алайда, мұндай  статистикаларға қарап біржақты тұжырым жасауға асықпаған жөн. Себебі жалпылай алғанда ер адамдар нәзік жандыларға қарағанда көлікті жүргізуі басым болып келеді. Сондықтан сандардың айырмашылығы- түсінікті.

Алайда әйел жүргізушілер қазіргі таңда да әлеуметтікдискриминацияға ұшырап келеді. Талай онжылдықтар бойы рульге отырған әйелдер қоғам тарапынан сынға ұшырап, тіпті бұрынғы кездері заң жүзінде шектеулерге тап болған еді.

Автокөлік алғаш ойлап табылған кезден бастап- ақ көптеген елдерде әйелдер көлік жүргізуді үйрене бастағанымен, кейбір мемлекеттерде оларды жүргізуші куәлігін алудан заң жүзінде шектеп келді. Мұндай тыйымдар ХХ ғасырдың ортасына дейін сақталса, кейбір аса консервативті аймақтарда бұл шектеулер ХХI ғасырда да жалғасын тапты.

Жүргізуші болуға заңмен тыйым салынған соңғы ел- Сауд Арабиясы болды. 2018 жылға дейін бұл елде әйелдер көлік жүргізгені үшін қамауға алынып, құжаттарынан айырылып қана қоймай, кей жағдайларда қамшы арқылы жазаланатын.

Алайда, «Рульдегі әйелдер» атты азаматтық қозғалыс ұзақ жылдар бойғы күресінің арқасында бұл әділетсіз заңның күшін жоюға қол жеткізді.

Бүгінде көптеген елдерде көлік жүргізетін әйелдердің саны ер адамдармен теңесіп келеді. Алайда бұл – барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Кейбір елдерде әйелдерге ресми заңмен тыйым салынбаса да, іс жүзінде түрлі шектеулер әлі де бар.

Ауғанстанда Талибан билікке келгеннен кейін, әйелдердің жүргізуші куәлігін алуы дерлік мүмкін болмай қалды. Бұл- соңғы бірнеше жылда елде әйелдерге қарсы енгізілген аса ауыр әрі шектен шыққан тыйымдардың бір бөлігі ғана.

Бүгінде ауған әйелдеріне білім алу мүлде тиым салынған – тіпті бастауыш мектепке баруға да рұқсат жоқ. Сондай- ақ оларға шаштаразға, сұлулық салондарына, саябақтарға, спорт залдарына баруға да тыйым салынған. Әйелдердің еркін жүріп- тұруына жол жабық болғандықтан, көлік жүргізуге қойылған шектеу- олар үшін аса ауыр соққы. Егер әйел жалғыз өзі көшеде жүрсе, оны тоқтатып, тергеуге алуы мүмкін. Ал қоғамдық көліктердің жүргізушілеріне- қасында ер адам еріп жүрмеген әйелдерді автобусқа мінгізбеу бұйырылған.

Темір тұлпардың рөлі

Автокөліктің алғаш пайда болған кезінен бастап әйелдерге көлік жүргізу оңай болмаған. Мысалы, алғашқы көліктерде қолмен іске қосатын стартер болған. Оны оталдырып жіберу үшін үлкен физикалық күш қажет еді. Бұл әрине кез келген нәзік жанға оңай шаруа емес.

Қазір де көліктердің бәрі бірдей әйел адамға ыңғайлы деп айта алмаймыз. Мәселен, instagram парақшасында бір қолданушы былай деп жазды:

«Әйелдер бордюрге соғылады деп жиі естеймін. Бірақ бұл- біздің кінәміз емес! Көліктер әйел адамға бейімделіп жасалмаған. Өзімнің бойым 155 см, ал көлікке отырсам, алды көрінбейді, тек орындығыма тұрып қана көліктің тұмсығын көрем. Қауіпсіздік белдігі ше? Мойнымды қысып, тамағыма дейін жетеді. Мұнын бәрі көлік жүргізу шеберлігіне байланысты емес, бұл- көліктің әйелдерге арналған дұрыс конструкциясының жоқтығы»,- дейді қолданушы.

Көп жылдар бойы автомеханик болып жұмыс істеп жүрген Санжар Нұрболұлының (аты- жөні өзгертілген) айтуы бойынша:

«Қазіргі заманауи машиналардың өзінде әйелдің бойы, дене бітімі ескерілмейді.  Сондықтан апат болған жағдайда нәзік жандар жиі зардап шегеді. Бұл- техника саласында көптен бері ескерусіз қалып келе жатқан үлкен мәселе», - дейді ол.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бірдей жол апаттарында әйелдер ер адамдарға қарағанда жиі және ауыр жарақат алады. Бұл- жай сәйкестік емес, бұған таңқаларлығы пластик ер адам кінәлі.

Себебі көлік қауіпсіздігін сынауға арналған краш- тест манекендерінің көпшілігі- ер адамның дене пішініне сай жасалған. Олардың бойы, салмағы, сүйек құрылымы, ішкі ағзалардың орналасуы- бәрі ер адамның физиологиясына негізделген.

Көлік тізгініне отырған әрбір әйел- жүргізуші ғана емес,өмірдің сан қилы рөлін қатар алып жүрген жан. Ол- ана, жар, кәсіпкер, қызметкер, дос… Ал жолда- жауапкершілігі мол, тәртіпке бағынатын, жан- жағына сергек қарайтын жүргізуші.

Уақыт өтті, көзқарастар өзгеріп жатыр. Бұрын «әйел көлік жүргізе алмайды» деген ескі түсініктер бүгінде өз маңызын жоғалтуда. Себебі тәжірибе, төзім мен табандылық гендерге қарап бөлінбейді. Ең бастысы- кім болсаң да, қай жыныстан болсаң да, жолда қауіпсіздік пен құрмет бәрінен биік тұруы тиіс!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар