Тамыздың алғашқы он күнінде Қазақстан шекарасынан ірі көлемде қолма-қол ақшаны декларациясыз алып өтпек болған 70 жағдай анықталды. Тәркіленген валютаның жалпы құны 645 млн теңгеден асады, деп хабарлайды dalanews.kz.
ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, заңбұзушылықтар 1-10 тамыз аралығында өткізу бекеттеріндегі бақылау кезінде тіркелген. Жарияланған суреттерден кейбір азаматтардың бума-бума ақшаны аяқтарына орап, киімінің астына жасырғанын көруге болады.
Ірі фактілердің бірі Жамбыл облысындағы «Қордай» автомобиль өткізу пунктінде анықталған. Шекарашылар шетелдік азаматтың киімінің астынан жасырылған 70 мың долларды тапқан. Бұл шамамен 32,5 млн теңгеге тең.
Анықталған барлық дерек бойынша материалдар тиісті органдарға жолданды. Енді оларға қатысты заң аясында шешім қабылданады.
Айта кетейік, Қазақстаннан қолма-қол шетел валютасын әкетуге қатысты шектеулер бар. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын сомаларға арнайы талаптар қолданылады.