Үкіметте мемлекеттік шекарадағы көлік өткізу пункттеріндегі жағдай бойынша жедел кеңес өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен көлік өткізу пункттеріндегі ахуал және көлік ағынын ұйымдастыру тиімділігін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде кеңес өтті.
Жиынға Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басшылары қатысты.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі өкілдерінің мемлекеттік шекарадағы ахуал және "Әлімбет", "Жайсан", "Сырым" өткізу пункттері арқылы көлік жедел өтуін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамасы тыңдалды. Қазақстан тарапындағы өткізу пункттері тәулік бойы штаттық режимде жұмыс істейді. Еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымал артуын ескере отырып, ЕАЭО ішкі контурындағы көлік өткізу пункттерінің уақтылы жаңғыртылуына бақылау күшейтілгені атап өтілді. Бұл бақылаудан өту уақытын қысқартады.
Бұдан бөлек, жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында басымдық берілген өткізу пункттерінің маңында жүргізушілерге арналған күту аймақтары құрылады. Тиісті жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Жиын қорытындысы бойынша көлік үздіксіз және жедел өткізілуін қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берілді. Осы мақсатта Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жедел штабтар құрды. Жағдай Үкіметтің тікелей бақылауында.