Сайлаудың соңында кететін директорлардың айлығын кесіңіз – мұғалім министрге талап қойды

Dalanews 07 жел. 2020 10:24 1117

Белсенді ұстаз Айман Сағидулла мектеп ішінде сайлау учаскілерін ұйымдастыруға қарсы. Ол бұл науқанға білім ордаларын араластырмауды сұрап, министрі Аймағамбетовке бірнеше талап қойды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның пікірінше әрбір сайлауда ұстаздар ақ тер, көк терге түседі. Осылайша ұстаз беделін құлдыратып, аталған мамандықтың қадірін кетіріп отырмыз. Сөй деген Сағидулла Аймағамбетовке үн қатып, бірқатар ұсынысты ортаға салыпты.

Ұстаздың ұсынысы

Асхат Аймағамбетов мырза! Халық үшін жасауыңыз қажет бір іс бар.

1. Мектепке сайлауды жақындатпау.

2. Мектеп мұғалімдері мен басшыларының комиссия мүшелігіне кіруіне тиым салу. (Қажет болса, заңға енгізу. )

3. Сайлау участкелерін мектеп ғимаратынан ашуға тиым салу.

Бұл сайлаудың арам ісіне мұғалімдерді араластырып, мұғалімнің беделін түсіруге жол бермеудің негізгі жолы.

Сондықтан мектеп пен мұғалімді сайлаудан қорғап, осы мәселені қолға алуыңызды сұраймын! – дейді белсенді ұстаз.




Бұдан бөлек ол, мектеп директорларын сайлау аяқталғанша қызметінен шеттетіп, айлық жалақыларын толық қысқарту керек деп санайды. Себебі сайлауға атсалысатын директорлар негізгі жұмысын ұмытып, науқанның соңында кетеді.

«Сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы мектеп директорлары. Директорлардың жұмыс уақыты таңғы 8.00 ден 18.00 аралығында.

Олар сол аралықта директорлық жұмысына жалақы алады. Сонда сайлау комиссиянының төрағасы ретінде қай кезеңде жұмыс істейді? Түнде ме? Әрине, директорлық жұмысының уақытында жұмыс жасап жүр.


Сондықтан сайлау комиссиясының төрағасы болып жұмыс істеп жүрген мектеп директорларын, сайлау біткенше, уақытша директорлық қызметтен шеттетіп, жалақыларын толық қысқартуларыңызды сұраймын. Сайлау комиссиясының төрағасы болғаны үшін де жалақы алады. Бір адам бір уақытта екі жұмысты қалай істейді? Мемлекеттің, халықтың ақшасы далада жатқан жоқ.

Ақшаларын қызғанбаймын. Жасамаған жұмысына ақша төлеп отырсыздар.

Ойланып көріңізші. Бір уақытта екі жұмыс істей ала ма?

Осылай бір кезеңде екі жұмыс істеп, екі жұмыстан жалақы алуға заң не дейді», - деп жазды ол желідегі парақшасында.

Айта кетсек, 2021 жылдың 10-қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауы өтеді. Осыған дейін өткен Президент сайлауына мектеп директорлары мен мұғалімдер жаппай қатысып, науқанның көрігін қыздырған еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар