Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына жиналған қаражаттың нақты сомасы жарияланбайды. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жүсіповтің айтуынша, қаражат көлемі мен оны алған адамдардың жеке деректері марқұмдардың туыстарының өтініші бойынша жария етілмейді. Бұл шешім олардың қауіпсіздігі мен жеке мәліметтерінің құпиялығын сақтау мақсатында қабылданған.
Оның сөзінше, қаражатты есепке алу және бөлу жөніндегі шешімдердің барлығы комиссия аясында қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген. Бұл жұмысқа қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналары да қатысқан.
Жүсіпов комиссия қаражаттың қорға түсуінен бастап алушыларға аударылуына дейінгі барлық кезеңде бақылау жүргізілгенін айтты. Оның мәліметінше, комиссия жұмысы аяқталып, түскен қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлінген.
Еске салайық, 7 қазанда Қорғаныс министрлігі редакциясына әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына көмек ретінде әскери қызметшілерден ақша аудару ерікті негізде жүзеге асырылғанын хабарлаған еді.