Сайлауды шымкентше ұйымдастыру... немесе «кандидаттықтан бас тарт»

Dalanews 10 нау. 2016 21:27 913

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б. Атамқұловтың,

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ. Тұрғанқұловтың назарына!

 

 Редакция атынан: «Қала мен Дала» газетіне хабарласқан Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны, кәсіпкер Ержан Дәулетовтің арызына бей-жай қарай алмадық. Өзін-өзі депутаттыққа ұсынған Дәулетовтің айтуынша, Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев: «Нұр Отанның» атынан түсетін дайын кандидатымыз бар», – деп тізімнен алып тастапты. Сонымен... 

[caption id="attachment_13991" align="alignright" width="252"]IMG-20160310-WA0027 Аудандық мәслихатқа үміткер болған Ержан Дәулетов[/caption]

 Мен Түлкібас ауданы Көктерек ауылында тұрамын. Ауылдың проблемасын жақсы білетін адам ретінде №6 Түлкібас сайлау округі бойынша аудандық мәслихатқа кандидатурамды ұсынған едім.

Алайда алдымен Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің қабылдауына кіріп, өз-өзімді дербес кандидат ретінде ұсынғалы жатқанымды айттым. Теріс түсініп қалмаңыздар. Мұндағы мақсат – оның алдынан өту емес еді.

Керісінше, ауыл тұрғындарының, ауыл ақсақалдарының атынан келіп отырғанымды, Мәслихат депутаты болған жағдайда ауылдағы бірсыпыра мәселелерді шешуге атсалысатынымды айтқым келген.

Менің сайлауға түсетінімді ести сала әкімнің түрі өзгеріп кетті және бірден қарсы болды. Әкіммен арадағы әңгіменің қалай өрбігенін қаз-қалпында айтайын.

– Сен қызықсың, ай қарап жүрдің бе? Сайлауға түсетін болсаң, осыдан 3-4 ай бұрын айтпадың ба? Біз №6 сайлау округінен түсетін адамды әлдеқашан белгілеп қойғанбыз. Сол адам өтеді, егер ол өтпесе, мен орнымнан кетуім керек...– деді әкім.

Қысқасын айтқанда, менің сайлауға түсуіме қарсы болды.

– Түспей-ақ қой, қажеті қанша... керек емес. Біз бәрін шешіп қойғанбыз, – деді бір кезде.

[caption id="attachment_13992" align="alignleft" width="448"]DSC9065 Түлкібас ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиев[/caption]

– Ендеше, сайлаудың қажеті не? Алдын-ала шешіп қойған болсаңыздар, халықты әбігерге салып, алашапқын қылудың не керегі бар? – дедім мен.

Әкім алдыңғы айтқанын қайталады.

Мен «Үміт-СД» деген ЖШС-ның атқарушы директорымын. Кәсіпкермін. Менің ниетімнен қайтпасымды сезген болуы керек, әкім сол арада бас директорға звондады.

Неге бұлай жасағанын түсінбедім. Бастығым мені райынан қайтарады деп ойлаған шығар.

«Сіздің орынбасарыңыз аудандық Мәслихатқа өзінің кандидатурасын ұсынып жатыр екен...» деп бастады әкім. Бірақ, бастығым үндеген жоқ.

1 сағат бойы әкімнің кабинетінде болдым. Осы уақыт аралығында мені әбден үгіттеді.

– Райыңнан қайт. Қайтесің, қоя сал. Ол округтен Қуандық Ахметов өтеді. Келісіліп қойған. Ол кісі «Нұр Отан» партиясының адамы.., – деді әкім.

[caption id="attachment_13993" align="alignright" width="448"]IMG-20160310-WA0026 "Нұр Отанның" атынан мәслихатқа "негізгі үміткер" Қуандық Ахметовтың жарнамасы[/caption]

– «Нұр Отанға» қарсылығым жоқ. Партияның мүшесі болмасам да Президенттің әр бастамасын қолдайтын адаммын. Бірақ, бұл арада мұның қатысы қанша? Өз-өзіңді ұсынуға болмайды деген заң жоқ қой? – дедім мен.

«Нұр Отанның» атынан түсіп отырған әлгі Қуандық Ахметов атты азаматты Көктерек ауылының тұрғындары жақсы біледі. Бір кездері ауылдың әкімі болған. Осы уақытқа дейін аудандық сәулет-құрылыс бөлімін басқарды. Оның «өмірбаянын» жақсы білемін. Бірақ, қазір оны айтып жатудың қажеті жоқ.

Бір сағат өткенде әкімнің кабинетінен әзер шықтым. «Бас тарт», «қоя сал» дегеніне қарағаным жоқ. Өзімді үміткер ретінде тіркедім. Салық басқармасына декларация тапсырдым.

Содан кейін-ақ қудалау басталды. Алдымен әйелімді қысымға алды. Жұбайым Түлкібастағы Тұрар Рысқұлов мектебінде оқу ісі жөніндегі орынбасар болып істейді.

Әкімнің қабылдауына кіріп-шыққан келесі күні әйеліме аяқастынан өтініш жаздырып, еңбек демалысына жібереді. Оқу маусымы қызған үшінші тоқсанның кезінде оқу ісі жөніндегі орынбасарды еңбек демалысына жібере ме екен?

Ол өз алдына. Әкім әйелімді қабылдауына шақырады.

«Күйеуіңе айт, сайлауға түспей-ақ қойсын. 50-ден асқан ер-азаматты бір көндірсең, сен көндіре аласың», – дейді.

Ол өз алдына, кейін әйелімнің ағасын жіберді. Әкім оған да соны айтыпты. «Егер айтқанымды тыңдамаса, қарындасыңды жұмыстан шығартқызамын», – депті.

Кейін менің бастығыма шығып: «Дәулетовті жұмыстан шығарыңыздар, әйтпесе ертең кеңселеріңе Салық басқармасы барады», – деп қорқытқан.

Артынша күйеу баласын жіберді...

Ең соңында ауылға келді. Ақсалдармен жүздескен әкім оларды да азғырыпты. Бірақ, халық мені өзі ұсынып отырғаннан кейін әкімнің сөзіне көне салмасы белгілі ғой.

Әкімнің бұлайша қипақтауы тегін емес. Мен сайлауға түссем, әлгі өздері «сайлап» қойған «дайын кандидаттың»  өтпей қалатынын біледі.  Ауыл тұрғындары әкімнің адамына дауыс бермейтінін айтқан.

Бұл кездері депутаттыққа үміткер азаматтардың үгіт-насихат жұмыстары басталып кеткен еді.

Шыны керек, әкім басымен «өтінгеннен» кейін Қайрат Әбдуәлиевтің өзі айтқандай «қоя салуға» болар еді.

Бірақ, ауыл тұрғындарының, ақсақалдардың алдында ұялдым. Көктеректе 120-дан аса түтін бар. Шағын  ғана ауылдың мәселесі шаш етектен. Мектебі 70 жыл бұрын саманнан соғылған, ескі, құлағалы тұр. Мед. пунктісі әбден ескірген, жолы жөндеу көрмегелі жарты ғасыр болған. Ең бастысы, бірнеше жыл таза ауызсудан да тапшылық көріп келеміз.
Негізі, мен 2007 жылы да сайлауға түскенмін. Ол жолы да әділетсіздік болып өткізбей тастаған-тұғын. Содан бергі 9 жылда жүйе өзгерді, әділеттілік салтанат құрды деген сенімде болғанмын. Қателесіппін...

Әкім мені «Нұр Отанға» қарсы адам ретінде көрсеткісі келеді. Сайлаушылармен кездесуде осыны жасырмай айттым.

«Нұр Отанға» қарсылығым жоқ. Тек осы партияның ішіне кіріп алған және сайлауды бизнес көретін теріс пиғылды адамдардан қорқамын», – дедім мен.

Қазір мені үміткерлер тізімінен алып тастапты. Декларациямнан қателік тауыпты... Шын мәнінде, декларациямды әдейі кешіктіріп берді. Бұл жайлы айтар болсам, ұзын сонар әңгіме. Сотқа арыз тастағанмын. Декларациямды әдейі кешіктіріп, мені кандидаттар тізімінен сызып тастауды жоспарлағандары үшін. Бірақ, олардың қулығы тым тереңде екен... Заңды өзгерту, оның қай жерін қалай пайдалану керектігін өздері әбден «меңгеріп» алыпты.

Басқа амалым қалмағандықтан, бұл жайды оқырман оқысын, ел естісін деген мақсатпен жазып отырмын. Мәселені «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлімі назарға алар деген үмітім бар.

Ержан ДӘУЛЕТОВ,


Түлкібас сайлау округі бойынша


аудандық мәслихат депутаттығына үміткер



(Мақаланы көшіріп басқанда міндетті түрде гиперсілтемесін көрсету қажет, редакция талабы)


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар