Білетініміз, телеарналардың бәрі тізгін-шылбырын әлдеқашан билікке беріп қойған. Олардың түпкілікті құрылтайшыларын іздесең, шетел асып, Қазақстанға қайта ораласың.
Рас, отандық телеарналардың арасында тәуелсіз арналар да бар. «Қазақстан» мен «Хабардың» саяси тақырыпқа тісі батпаған күннің өзінде КТК мен «31 арна» бұл тақырыпта еркін көсілетіндей мүмкіндікке ие.
Бірақ, бізде бәрі «рұқсат» бойынша ғой. Бәлкім, жоғарыдағы ақпаратқа жауапты шенділер телеарна басшыларына қоғамдық-саяси хабарларды мейлінше азайтып, ойын-сауықтық бағдарламаларға баса көңіл бөлу туралы ауызша тапсырмалар беретін шығар...
Бірақ, бұл дұрыс па өзі? Жүйенің ықпалына жығылған телеарналар көрерменнің алдында бет-жүзі қызармай ма? Телеарна тәрбие құралы десек, ойын-сауықтық бағдарламалар мен үндінің сериалдары көрерменге не береді?
Осы арқылы халықтың сана-сезімін басқа арнаған бұрғысы келетін билік, анығында өз-өзіне қақпан құруда. Мемлекетке, оның дамуы мен өсуі үшін сауатты, белсенді әлеуметтік орта қажет. Билік мұны қашан түсінер екен?
Сосын қазіргі телеарна басшыларының арасында азулы, журналистиканың қазанында қайнаған ешқайсысы жоқ. Біреуінің өмір тарихына үңілсең, қайдағы бір комитетте қадағалаушы маман, болмаса, қандай да бір ірі компанияның заң бөлімін басқарған, ағылшын тілін жетік білетін «заманауи қазақ» болып шығады. Бұлар білікті басшы емес, білгір орындаушы ғана.
Содан да шығар биліктің сөзіне жығыла кететін, бұйырған дүниесін бұлжытпай орындауға тырысады.
КТК арнасындағы Платоновтың «Слуги народа», «Портрет недели» сияқты саяси-сараптамалық бағдарламаларды бәріміз білеміз. Ал қазақ тілінде мұндай бағдарламаны іздесең таппайсың. Неге?
Әлде жоғарыдағыда орыстілді журналистерге саяси-сараптамалық бағдарлама ашуға рұқсат беріп, қазақтілді журналистерге тыйым салып тастаған ба? Жоқ.
Біздіңше бұл – телеарна басшыларының ұстанымына тікелей байланысты дүние.
Орыс тіліндегі саяси-сараптамалық бағдарламалардың жетекшілері әкімдер мен министрлерді сынаса, қоғамның назарында жүретінін жақсы біледі және сонысымен ұтады.
Өзін сынауға қорықпайтын журналистен шенеунік те тайсақтайды. Әлгі Платоновтың кез-келген әкім мен министрдің кабинетін теуіп кіріп, өзі маңызды деген сұрақты төтесінен қоятыны содан.
Осындай өтімді саяси-сараптамалық бағдарлама жасау қазақтілді журналистердің қолынан келмейді деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине келеді. Ол үшін телеарналардың шошымалы басшылары қарамағындағы журналистеріне аз-кем еркіндік беруі керек. Иә, тек қана «аздаған еркіндік».
Бірақ, біз айтқан шошымалы басшылар әкім мен министрдің мінін бетіне басу, бұл – тұтас билікка қарсы сын айту деп ойлайды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқанда әкім мен министрлерге кемшілігін көзіне шұқып тұрып көрсетеді емес пе? Сонда бұл істен отандық телеарналар неге шет қалуы тиіс?
Қазіргі көрермен үшін әкім-қараның мінін бетіне басып айтатын А.Платоновтан асқан майталман жоқ.
Ал білікті қазақ журналистері ше? Оларға әзірше мүмкіндік берілмеуде. Есесіне, арзан әңгіме айтып, жыртыңдап күлуден езуі жиылмайтын КВН-щиктердің айы оңынан туып тұр.
Жарбол Кентұлы