Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев ресейлік насихатшы Владимир Соловьёвтің даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін ресейлік тележүргізуші Орталық Азия мен Кавказды Ресейдің "ықпалды аумағы" ретінде атап, қажет болған жағдайда аталған өңірлерге қарсы халықаралық құқықты елемей, әскери күш қолдануға болатынын ашық түрде меңзеген еді.
"Бұл мәлімдеме Кремльдің АҚШ-тың Венесуэлаға қатысты әрекеттеріне жанама реакциясы ма, әлде Орталық Азия мен Кавказ елдеріне бағытталған ескерту ме, не болмаса Соловьёвтің жеке саяси демаршы ма - айту қиын. Мұның бәрі қатар келген болуы да мүмкін", - деді Ғазиз Әбішев.
Оның пікірінше, мұндай себепсіз әрі жария сипаттағы мәлімдемелер одақтас елдерге қатысты мемлекетаралық қарым-қатынас әдебінің бұзылуы ретінде бағалануы тиіс.
"Бір нәрсені нақты ажырата білу керек. Өз еліңнің геосаяси мүдделерін ашық айту - қалыпты жағдай. Ал көрші мемлекеттермен ықтимал әскери қақтығысқа қоғамды алдын ала дайындау мүлде басқа мәселе", - деп атап өтті саясаттанушы.
Сондай-ақ Әбішев өшпенділікке негізделген мұндай риториканың нақты салдары бар екенін ескертті. Оның сөзінше, дәл осындай мәлімдемелерден кейін Қазақстан секілді елдердің көпвекторлы саясат ұстанып, Қытай, Түркия және өзге мемлекеттермен, оның ішінде әскери ынтымақтастықты дамытуы кейбір ортада теріс қабылдана бастайды.
"Содан соң "олар бізге қарсы бірдеңе ойластырып жатыр ма, неге басқа елдермен жақындасады, неге қару алады, неге бірлескен жаттығулар өткізеді" деген орынсыз күдік туындайды. Ал мұндай көзқарастың қайдан шыққанына мән берілмей жатады", — деді ол.
Совольевтің мәлімдемесі
Еске салайық, бұған дейін ресейлік насихатшы Владимир Соловьёв Мәскеу "арнайы әскери операцияны" тек Украинада емес, посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерде де бастауы мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, Ресей үшін ең қауіпті аймақтар - Армения мен Орталық Азия мемлекеттері. Соловьёв бұл бағыттар ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан Сирия немесе Венесуэладағы жағдайдан әлдеқайда маңызды екенін айтты.
"Армениядан айырылу - бұл аса үлкен мәселе. Біздің Азияда, Орта Азияда, өздері Орталық Азия деп атайтын өңірдегі түйткілдер - біз үшін нағыз үлкен қатер осылар. Сондықтан мақсаттарымыз бен міндеттерімізді нақты айқындауымыз керек. “Ойын бітті” деп ашық айту қажет. Халықаралық құқық пен халықаралық тәртіпке мән берудің қажеті жоқ. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украина аумағында арнайы әскери операция бастауға тура келсе, дәл сол уәжбен ықпал аймағымыз деп санайтын басқа өңірлерде де мұндай қадамға баруға не кедергі?", - деді ол.
