Мемлекет басшысы бүгін, 2025 жылы 7 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен болған кездесуде Үкімет ұсынған қосымша құн салығы бойынша мөлшерлеме тым жоғары екенін айтып, бұл мәселені тағы да пысықтауды тапсырды. Бұл нені білдіреді? Қосымша құн салығы өспеуі мүмкін бе? Бұл сауалдарға қаржыгер-маман Андей Чебаторев жауап берді, деп жазады Dalanews.kz.
Қосымша құн салығы төңірегіндегі қызу талқы
"Айтқаным айдай келді. Бәрі шуласып, "соңғы шешім" секілді қабылдаған 20 пайыз түпкілікті тоқтам болмай шықты. Мұны мен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң бірден жазған болатынмын. Бүгін Президент Үкімет ұсынған мөлшерлеме шынымен де тым жоғары екенін мәлімдеп, бұл ойымды тағы растады", деп жазды маман желіде.
Президенттің айтқаны нені білдіреді?
"Бұл "саудаласу кезеңі" әлі жүріп жатыр дегенді білдіреді. Сарапшылардың кең ауқымды тобын тарта отырып, мұндай "сауда" бизнес пен Үкіметтің арасындағы жүруі тиіс әрі солай болуы да керек, өйткені әлемде ақыл-есі дұрыс ешқандай бизнес кез келген салықтың өсуіне қуана қоймайды. Салық кодексі — әрқашан келісімнің, ымыраның құжаты: бір жағында салық төлеуді ұнатпайтындар (бұл қалыпты құбылыс, әлемде ешкім салық төлеуді жақтырмайды), екінші жағында сол салықты мектеп, жол, жалақы, жәрдемақы және даму жобаларына жұмсайтындар тұрған".
Тағы нені талқылау керек?
"Бәрін. Салық реформасы, әзірге тек ортақ тұжырымдамалық деңгейде жарияланды, нақты құжаттар мен егжей-тегжейлі есеп-қисаптар әлі көрінбеді. Сондықтан да соңғы күндері журналистерге осы тақырыпта пікір білдірмей, тартына тұрдым, себебі әлі егжей-тегжейлі құжат пайда болған жоқ. Тіпті, сарапшылар кеңесінде де тек жалпы слайдтар көрсетілді. Парламентке енгізілетін соңғы құжатты күтіп, соны талқылаған жөн", - дейді ол.
Көпшілік наразылығының "пайдасын тигізді" ме?
"Иә де, жоқ та. Әрине, жарияланған жазбалар мен "қорқынышты сценарийлер" сипатындағы болжамдар әсер еткен болуы ықтимал. Бірақ бұл арада мынаны ұмытпау керек: кез келген салықтың екі шеті бар. Ал екінші жағы, меніңше, тағы елеусіз қалып, дұрыс айтылмай жатыр. Үкімет өз іс-әрекетін неғұрлым ашық әрі анық түсіндіруі керек. Бұл жағын Илон Масктан үйренгендері жөн болар еді", - дейді Чеботарев.
Енді не болмақ?
Маманның айтуынша, саудаласу кезеңі жалғасады. Ымыраға келу керек, бірақ фискалды шараларды қатаңдату жайын тізгіндеу мүмкін емес. Бәрі де Қазақстан үшін төмен салық дәуірінің күні өткенін дұрыс түсінуі керек. Бұл жақсы ма, жаман ба, оны уақыт көрсетеді, әзірге бұл жай ғана факт. Әлеуметтік мемлекет ретінде әрі қарай төмен салық мөлшерлемесімен өмір сүру мүмкін емес екені хақ.
Бұған дейін Мемлекет басшысының отандық бизнес өкілдерімен кезскенін жазған болатынбыз. Президент Үкімет ұсынған қосымша құн салығы бойынша мөлшерлеме тым жоғары деп санайды.