Алматыда тағы бір мердігердің құрылыс лицензиясы тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы "СК MEGARON" ЖШС-ға қатысты қабылданған шаралар туралы хабарлады. Компания Б.Хмельницкий көшесінен бастап Тәжібаев, Бакинская, Физули көшелері арқылы Майлин көшесіне дейінгі су құбыры желілерін қайта жаңарту, сондай-ақ, Мыңбаев және Манас көшелеріндегі су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын орындаған.
"Алатау ТН" ЖШС техникалық қадағалауының өтініші негізінде басқарма тарапынан мердігерге қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты "СК MEGARON" ЖШС-ның құрылыс лицензиясы кері қайтарылды", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін де Алматыда екі компания – "СК 7 строй" ЖШС және "AsiaMax" ЖШС құрылыс лицензияларынан айырылған болатын.
                        
                            