Сатыбалды қайтарған ақша Шымкенттің бір жылдық бюджетінен асып кетті

Dalanews 12 қаң. 2024 05:13 1077

Қайрат Сатыбалды қайтарған ақша миллион адам тұратын Шымкенттің бір жылдық бюджетінен асып кетті деп жазады DALA INSIDE телеграм  арнасы.

Антикор "Қайрат Сатыбалдының 650 миллиард теңгеге бағаланатын активтері қайтарылды" деп мәлімдеген. Қазіргі бағаммен бұл 1,4 миллиард доллар.

Бірақ осыншама байлығы бар Қайрат Сатыбалды неге Форбстың байлар тізімінде болған жоқ? Соңғы рет Сатыбалды бұл тізімде 2018 жылы көрінді және сол кезде оның дәулеті 163 миллион долларға ғана бағаланды.

"Қайрат Сатыбалды 2018 жылы Forbes иелеріне өте түсінікті ескерту жасады. Сатыбалды ескертуінің немен аяқталатынын "Сауат Мыңбаев трагедиясынан" бәріміз көрдік. Рейтинг жасаушылар Сатыбалдыны ашуландырғысы келмеді. Оның талабы бірден орындалды", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.


Осыдан Форбс тізіміне шынымен дәулетті, бірақ оны жария қылғысы келмейтін азаматтардың ілінбейтінін аңғаруға болады. Сондықтан оны объективті тізім деп қарастырудың қажеті жоқ. Барлық ақпарат жария болғанда, бұл тізімде біз аты-жөнін ешқашан естімеген белгісіз тұлғалар да пайда болар еді.

Сатыбалдыға келсек, қайтарылған 1,4 миллиард доллар оның барлық активтері емес. Кезіндегі үзеңгілес азаматтарға да біраз нәрсе жазылып қойған. Және Сатыбалды жазасын өтеп шыққаннан кейін олар бойынша дивидендтер талап ететіні түсінікті.

Қайрат Сатыбалды ісі аясында Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған кірістер және заңсыз ақшадан түскен пайданы жылыстату») бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бірақ енді тағы бір бап қозғалып отыр. Ол салықтан жалтарды деген күдікке ілінген.

DALA INSIDE мәліметінше "Жаңа Қазақстан" Қайрат Сатыбалдының сотын биылғы наурыздан қалдырмай бастап кетуге ниетті. Негізгі тергеу жұмыстары аяқталды. Қазір Прокуратура мен Сот арасында ішкі консультациялар жүруде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар