Сәтбаевта киберқылмысқа қарсы күрес жүргізген тәртіп сақшылары бірнеше жыл бойы бір отбасыны қорқытып келген күдіктіні қолға түсірді. 22 жастағы азамат түрлі жалған аккаунттар мен цифрлық технологияларды пайдаланып, жәбірленушіні ұзақ уақыт бойы жүйелі түрде бопсалаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, барлығы қыздың танысу ұсынысын қабылдамағанынан басталған. Осыдан соң күдікті оның туыстары мен жақындарына жалған "интимдік" сипаттағы дипфейк материалдар таратып, қорқыту хабарламаларын жіберген.
2023 жылы қолдан жасалған жала жабатын материалдар қыздың болашақ күйеу жігітіне жолданып, нәтижесінде екі жастың құдалығы бұзылған.
Жәбірленуші әлеуметтік желілерден кеткеннен кейін де қудалау тоқтамаған. Күдікті оның туысына ауысып, бүкіл отбасының, соның ішінде балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекеттерін жалғастырған.
Күдікті тұрғылықты мекенжайында ұсталып, электронды құрылғылары тәркіленді. Қазір ол қамауда, ал полиция оның басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.
