Сәтбаев университеті мен №7 аурухана медицинадағы инновациялық жобаларды талқылады

Сәтбаев университеті мен №7 аурухана медицинадағы инновациялық жобаларды талқылады
видеодан кадр

Сәтбаев университетінде Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасы мен университет өкілдерінің кездесуі өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

 Кездесуде медицина және биоинженерия саласындағы бірлескен жобалар, медициналық технологияларды дамыту, цифрландыру, кадр даярлау және ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Аурухана өкілдері клиниканың даму жоспарлары, медициналық жабдықтарды жаңарту және жаңа технологияларды енгізу бағыттары туралы ақпарат берді.

Аурухананың бас дәрігері, директордың міндетін атқарушы Нұрдос Қадырбеков клиниканың Қазақстандағы ірі көпсалалы медициналық ұйымдардың бірі екенін және медициналық оқу орындары үшін клиникалық база қызметін атқаратынын атап өтті.

Оның айтуынша, осыған байланысты аурухана Сәтбаев университетінде әзірленіп жатқан жаңа технологияларды медициналық тәжірибеге енгізуге қызығушылық танытып отыр.

«Сіздердің университетте қол жеткізілген нәтижелер бізді таңғалдырады. Сәтбаев университетінде ерекше энергия сезіледі, мұнда инновациялар дамып келеді. Мен осы жетістіктермен жас әріптестерімді таныстыруды жөн көрдім. Біз өзара ынтымақтастықтың ортақ бағыттарын анықтап, сіздермен бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Ынтымақтастығымыз екі тарап үшін де нәтижелі болады деп сенемін», – деді Нұрдос Қадырбеков.

Кездесуде университеттің инженерлік және ғылыми әлеуетін денсаулық сақтау саласындағы нақты міндеттерді шешуге пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды.

Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарының бірі – аурухананың ішкі бизнес-процестерін цифрландыру және автоматтандыру. Сонымен қатар медициналық бұйымдар мен құрылғыларды әзірлеу жұмыстарын университеттің магистранттары мен докторанттарының практикалық оқу бағдарламаларына енгізу ұсынылды. Бұл студенттердің инженерлік білімін нақты медициналық міндеттерді шешу барысында қолдануына мүмкіндік береді.

Тараптар заманауи медициналық жабдықтарға қызмет көрсететін мамандарды даярлау мәселесін де талқылады. Бүгінде жоғары технологиялық медициналық техниканың едәуір бөлігі шетелде өндірілетіндіктен, мұндай жабдықтарды пайдалану, баптау және техникалық сүйемелдеу бойынша білікті мамандарға қажеттілік артып отыр. Осыған байланысты тараптар қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлеу және студенттердің практикалық даярлығын күшейту мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша Сәтбаев университеті мен №7 қалалық клиникалық аурухананың медицина, инженерия және цифрлық технологиялар тоғысындағы бірлескен жобаларды дамыту мүмкіндіктерін одан әрі қарастыру туралы ортақ ұстаным қалыптасты.