Сарқаттанып жатқан Сара Назарбаеваның қазіргі жағдайы қандай

Көркем Алдабергенова 16 шіл. 2025 09:20

Сара Назарбаева қазіргі таңда Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальда, ел арасында «Совминка» деген атаумен белгілі мекемеде емделіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық госпитальдың директоры Асхат Браловтың айтуынша, пациентке қажетті медициналық көмектің барлығы көрсетілуде. Емдеу жұмыстары бекітілген стандарттар бойынша жүргізіліп, Сара Назарбаева білікті дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Браловтың сөзінше, науқастың диагнозы, денсаулығының жай-күйі, қолданылып жатқан ем-дом мен оның нәтижелері дәрігерлік құпияға жатады. Мұндай ақпаратты жариялау тек пациенттің рұқсатымен немесе заңмен белгіленген негіздер бойынша ғана мүмкін.

"Бұл мәліметтерді таратпау туралы шешім пациенттің жеке өміріне құрметпен қарау әрі ем процесіне сырттан араласуға жол бермеу мақсатында қабылданды", – деді Асхат Бралов.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Назарбаевтар зиратында тағы бір зират пайда болғаны туралы ақпарат тарады.

TikTok желісінде тараған видеода автор Болат Назарбаевтың жұбайының, өзінің зиратын көрсетіп, жақын арада тағы бір зират пайда болғанын айтады.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды түрліше жорып жатыр. Кейбір желі қолданушылары мұны Сара Назарбаеваға қатысты жағдаймен де байланыстырған.

Әкімдік жауабы

Қарасай ауданы әкімдігі желіде тарап кеткен видеоға қатысты Tengrinews.kz басылымына жауап берген.

Әкімдік мәліметінше, Назарбаевтар әулетінің Шамалған ауылындағы зиратында 2024 жылы желтоқсанда қайтыс болған басқа адам жерленген.

"Діни рәсімдер мен дәстүрлерге сай жерленді. Қазір қабірде ешқандай жазу не тақтайша жоқ, алайда марқұмның туыстарының айтуынша, жақын арада тақтайша орнатылады", – деп жазылған әкімдік жауабында.

Бұған дейінгі жағдай

Айта кетейік, бұған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айдос Үкібай БАҚ-та тарап жатқан ақпаратқа пікір білдіріп, Сара Назарбаева аман екенін мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар