Бүгінгі таңда ауданда 33,4 мың гектар суармалы жер бар. Былтыр Тәуке және Ащылы-Өзек ішкі шаруашылық каналдарын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күні 17 шақырым арық жүйесі салынып, жұмыс 95 пайызға орындалған. Нәтижесінде 4 мың гектарға жуық жерді суармалы сумен қамтамасыз ету жақсарады.
Мұнымен қоса, 207 млн теңгеге 119 шақырым 10 ішкі шаруашылық каналдарына механикалық тазарту жүргізілді.
Кездесуде облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, Сарқан ауданында іске асып жатқан іргелі істерді сөз етті.
– Сарқан ауданы – егіс алқаптары бойынша аудан облыстағы жетекші өңірлердің бірі және әртараптандырылған ауылшаруашылық өндірісі бар аграрлық аймақ. 98 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарының 32 түрі егілді.
Қант қызылшасын өсіру аудан үшін дәстүрлі, мамандандырылған сала болып табылады. Осы мақсатта биыл ауданда қант қызылшасының егіс алқабы 1,3 мың гектарға себілді. Аудан әкімдігі қызылша өсіру және егінді уақытылы жинауды қамтамасыз ету мақсатында шаруашылықтармен жұмыс істеуге көңіл бөлуі қажет. Күзде Ақсу қант зауыты өз жұмысын бастайды, бұл қант қызылшасының көлемін одан әрі ұлғайту үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Бейбіт Исабаев.