Құрылтайдың заң шығару қызметінің сапасын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі сараптамалық-талдамалық сүйемелдеу болуы тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» атты сарапшылар платформасында Парламентаризм институты Жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының басшысы Шолпан Саймова мәлімдеді.
Сарапшының айтуынша, конституциялық реформаны практикалық тұрғыда іске асыру және заң шығарушы биліктің бір палаталы моделіне көшу қабылданатын шешімдердің сапасына жаңа талаптар қояды. Құрылтай сайлауының тағайындалуы саяси жүйе мен мемлекеттік басқару моделін толыққанды жаңғыртудың алғашқы қадамы болды. Сондықтан заң шығару процесін кәсіби тұрғыдан сүйемелдеудің маңызы ерекше артып отыр.
Шолпан Саймова қазіргі заманғы заң шығару қызметі терең ғылыми талдаусыз, ықтимал салдарды бағалаусыз және заңнамалық бастамаларға кәсіби сараптама жүргізусіз мүмкін еместігін атап өтті. Құрылтайға ұсынылатын әрбір бастама құқықтық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар оның экономикалық, әлеуметтік және экологиялық ықпалы ескеріле отырып бағалануы қажет.
Сарапшы атап өткендей, Құрылтайды қалыптастырудың жаңа қағидалары партиялық бағдарламалардың және заңнамалық бастамалардың сапасының маңызын арттырады. Осыған байланысты қабылданатын шешімдерді ғылыми және талдамалық тұрғыдан сүйемелдеуге қабілетті сарапшылар қауымдастығының рөлі күшейе түседі. Оның айтуынша, сараптамалық-талдамалық қамтамасыз ету жаңа заң шығарушы орган қызметінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.
Шолпан Саймованың пікірінше, бұл үдерісте үлкен деректер көлемін талдауға, заңнамадағы ықтимал қайшылықтарды анықтауға және қабылданатын шешімдердің салдарын дәлірек болжауға мүмкіндік беретін заманауи ақпараттық-талдамалық жүйелер мен жасанды интеллект технологиялары ерекше рөл атқаруға тиіс.
Сарапшы сондай-ақ тиімді заң шығару қызметі ғылыми қауымдастықтың, кәсіби бірлестіктердің, бизнес өкілдерінің, азаматтық қоғам институттарының және өңірлік сарапшылардың кеңінен қатысуынсыз мүмкін емес екенін айтты. Мұндай тәсіл қабылданатын шешімдердің ғылыми негізділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың заң шығару процесіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
Шолпан Саймованың айтуынша, Құрылтай сайлауы өкілді институттарды дамыту заң шығару рәсімдерін жетілдірумен, олардың ашықтығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырумен қатар жүретін дәйекті саяси жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады. Сондықтан заңдардың сапасы мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің тиімділігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналады.
Мемлекеттік органдардың, жетекші талдау орталықтарының, ғылыми қауымдастықтың, жоғары оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірген сарапшылар платформасын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.