Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының басшысы Ерлан Батырбеков елімізде бой көтеретін алғашқы атом электр станциясының бағасына қатысты қоғамда туындаған сұрақтарға жауап берді. Ол отандық жобаның Өзбекстандағы АЭС құрылысынан неліктен қымбат екенін түсіндіріп, Балқаш маңындағы дайындық жұмыстарының барысымен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Технологиялық айырмашылықтар мен жобаның құны
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде екі көрші елдің АЭС жобаларының құны қызу талқылануда. Ерлан Батырбековтің пайымдауынша, бұл екі құрылысты бастапқы жарияланған бағаларына қарап өзара салыстыру мүлдем дұрыс емес, өйткені мұнда мүлдем бөлек технологиялар қолданылады.
Қазақстанда қуаттылығы жоғары, заманауи және халықаралық нарықта үлкен сұранысқа ие 3+ буынындағы ВВЭР-1200 энергоблоктарын («Ленинград жобасы») салу жоспарланған. Бұл — еуропалық қауіпсіздік стандарттарына толық сай келетін «Росатомның» флагмандық жобасы. Мұндай реакторлар қазіргі уақытта Мысыр, Венгрия, Қытай елдерінде сәтті қолданылып жатыр. Ал Өзбекстан болса, қуаттылығы азырақ екі ВВЭР-1000 реакторы мен РИТМ-200Н кіші блоктарына негізделген жобаны таңдаған. Сарапшы бұл екі технологияның атом машинасын жасау саласының әртүрлі даму кезеңдеріне жататынын алға тартты.
Оған қоса, Өзбекстан жобасының нақты қаржылық моделі (несие пайызы, валюта бағамы, меншікті капитал үлесі) әлі жарияланбаған. Маманның сөзінше, барлық экономикалық факторлар есептелгенде, екі елдегі жобалардың түпкілікті құны шамалас болуы мүмкін.
Халықаралық консорциум және Балқаштағы дайындық
Қазақстандағы АЭС құрылысы «Росатом» жетекшілік ететін халықаралық консорциум аясында жүзеге асады. Оған ресейлік технологиядан бөлек, өзге де шетелдік алпауыттардың озық жабдықтары тартылмақ. Мәселен, бу турбинасын жеткізуші ретінде француздық Arabelle компаниясы қарастырылып жатса, кейбір құрал-жабдықтар Қытай мен Кореядан сатып алынуы мүмкін.
Жобаның жалпы құны шамамен 16,4 миллиард долларды құрайды:
14,4 млрд доллар — тікелей екі энергоблоктың құрылысына;
2 млрд доллар — станцияның қауіпсіздік жүйесін құруға, бастапқы ядролық отын қорын сатып алуға және аймақтың инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
Қазіргі уақытта Алматы облысының Жамбыл ауданындағы ықтимал алаңдарда инженерлік-іздестіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Мамандар геодезиялық, экологиялық және гидрогеологиялық зерттеулердің үлкен бөлігін аяқтаған. Қазір аймақтың ауа райы мен су жағдайын бір жыл бойы үздіксіз бақылау жұмыстары атқарылуда. Осы кезең толық аяқталғаннан кейін «Балқаш» АЭС-інің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталады.