16-ға толмаған: Шамалғандағы өлімге әкелген мопед апатында кім жауап береді?

16-ға толмаған: Шамалғандағы өлімге әкелген мопед апатында кім жауап береді?
Ашық дереккөз

Алматы облысының Шамалған ауылында мопед мінген кәмелетке толмаған жасөспірім велосипед теуіп келе жатқан ер адамды қағып, ол ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 2 мамырда болған. Марқұм базарға велосипедпен бара жатқан кезде жасөспірім мінген мопед оны қағып кеткен. Ер адам ауыр жарақат алып, бас сүйегі сынып, ота жасалған. Кейін ауруханада көз жұмған. 

Марқұмның жақындарының айтуынша, жол апатынан кейін отбасы оның еміне қажетті дәрі-дәрмекті өз қаражатына іздеген. Кейбір дәрілерді Ташкенттен алдыруға тура келген. Олардың сөзінше, мопед мінген жасөспірім тарапынан емге 180 мың теңге көлемінде ғана көмек көрсетілген. 

Аталған жағдайға қатысты заңгер Абзал Қасымжановтың түсіндіруінше, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік жалпы ереже бойынша 16 жастан басталады. Алайда абайсызда адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу бойынша жауапкершілік 14 жастан басталатын қылмыстар қатарына кірмейді. Сондықтан жол апаты кезінде 16 жасқа толмаған жасөспірімді осы бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес. 

Сонымен бірге бұл полиция жол апатын тексермеуі керек дегенді білдірмейді. Мамандардың айтуынша, құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жол апаты мен ер адамның өлімі арасында себептік байланыс бар-жоғын сараптама арқылы белгілеуі тиіс. 

Бұл ретте мәселе жасөспірімнің жауапкершілігімен ғана шектелмейді. Кәмелетке толмағандардың мопед басқаруына жол бермеу және олардың жолдағы қауіпсіздігін бақылау бойынша профилактикалық жұмыстың қаншалықты тиімді жүргізілгені де тексерілуі керек.

Марқұмның отбасы кінәлі әрекеттердің анықталуын, сондай-ақ келтірілген материалдық және моральдық зиянның өтелуін талап етуге құқылы. 

Алматы облысының полиция департаментіне осы оқиға бойынша түсініктеме сұралғанымен, аталған материал жарияланған уақытқа дейін ведомство жауап бермеген.