Сарапшылар Қазақстанда қоймаларды жалдау ақысы өседі деп болжайды

Кәмшат Тілеухан 08 қар. 2024 15:19 3194

NF Group консалтингтік компаниясының Орталық Азия, Кавказ елдері және Беларуссиядағы  сапалы қоймалар нарығына қатысты зерттеуі жарияланды. Оған сәйкес, аталған нарықта Орталық Азия елдерінің ішіндегі қолданыстағы және салынып жатқан қоймалар көлемі қарқыны бойынша Қазақстан көш бастап тұр, деп жазады Dalanews.kz.

Республика бойынша жалпы қоймалар көлемі 1,55 млн шаршы метрді құрайды, оның басым бөлігі, яғни Алматыда (64%), шамамен 19%-ы Астанада және 7%-ы Ақтөбеде шоғырланған.

NF Group консалтингтік компаниясы мәліметінше,2024 жылдың тоғыз айында жаңадан 108 мың шаршы метр қойма пайдалануға берілді, оның ішінде Алматыда орналасқан Focus-Aksengir логистикалық паркіне жататын Ozon (40 мың шаршы метр) компаниясының, Алматының Іле ауданында орналасқан Shalkar (25 мың шаршы метр) қойма кешендері және Шымкентегі TechnoDom.kz (15,4 шаршы метр) да бар.

Бос қойма алаңдарының үлесі 2024 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда аздап – 0,4 пайыздық тармаққа, жалпы ұсыныстың 1,2%-на дейін төмендеді. Онда да Шымкент пен Қарағандыда ғана, ал Алматы мен Астанада бос жатқан сапалы қоймалар жоқтың қасы.

2024 жылдың ІІІ-тоқсанының қорытындысы бойынша, жалдау ақысының орташа құны І-тоқсандағы деңгейде сақталып отыр, яғни айына бір шаршы метрі - 5 600 теңге . Жоғары сапалы нысандар тапшылығын ескере отырып, компания сарапшылары тарифтің 2025 жылдың басында өсуі мүмкін екенін болжайды.

Салынып жатқан және 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басына жоспарланған А санатты жобалар бойынша бір шаршы метрдің орташа жалдау құны 6 500-7 000 теңгені құрайды деп болжанады. В санатындағы қоймаларды жалдау құны бір шаршы метріне айына 3 500 теңге болуы мүмкін.

2024 жылдың ІІІ-тоқсанының аяғындағы жағдай бойынша, пайдалануға берілу уақыты 2024-2025 жылдарға жоспарланған 426 мың шаршы метр қойма құрылысы жүріп жатыр. Ал 2024–2026 жылдары елімізде 700 мың шаршы метр қойма салынбақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар