Сарапшылар 2025 жылы күтілетін инфляция көлемін 6,9%-дан 7,5%-ға дейін өсірді

Кәмшат Тілеухан 10 қаң. 2025 09:33 1211

ҚР Ұлттық банкінің сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесі жарияланды. Оған сәйкес,сарапшылар 2025 жылы күтілетін инфляция көлемін 7,5%-ға дейін көтерді, деп жазады Dalanews.kz.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, Қазақстан экономикасының өсімі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі ретінде алынғанын баса атап өтелік. 

Ұлттық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айында жыл бойына арналған мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары жаңартылған. Медианалық күтулерге сәйкес, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 75,0 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасады (бұған дейін – 76,5 АҚШ доллар). 2026 жылы "қара алтынның" бір барреліне арналған болжам 74,0 АҚШ доллар деңгейінде сақталған. 2027 жылы күтілетін баға да 75,0 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасты.

Қазақстанның 2025 және 2026 жылдарға арналған экономикалық өсу болжамдары өзгеріссіз қалып, тиісінше 4,7% және 4,5% құрады. 2027 жылы сарапшылардың болжамы бойынша экономикалық өсім қарқыны 4,5% деңгейінде сақталады.

"Сарапшылар инфляция болжамдарын 2025 жылға — 6,9%-дан 7,5%-ға дейін, ал 2026 жылға — 6,0%-дан 6,5%-ға дейін көтерді. 2027 жылы инфляция 5,6% деңгейінде болады деп бағаланады. Инфляцияға қатысты бағамдардың өзгеруіне сәйкес базалық мөлшерлеме бойынша болжамдар да қайта қаралды. 2025 жылға арналған болжамдардың медианалық мәндері 12,5%-дан 14,7%-ға дейін, 2026 жылы — 10,3%-дан 11,8%-ға дейін түзетілді. 2027 жылы базалық мөлшерлеме 10,5% деңгейінде болады деп болжанады", делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Ақша бағамына келетін болсақ, сарапшылар пікірінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ұлттық валютаға шаққандағы 1 АҚШ долларының болжамды құны 486,9 теңгеден 514,5 теңгеге, 2026 жылы 498,3 теңгеден 530 теңгеге, 2027 жылы 550 теңгеге дейін өсті.

Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 12 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық банк болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн. Онда нарықтағы кәсіби қатысушылардың ішкі және әлемдік нарықтардағы ахуалдың дамуы жайында тәуелсіз пікірлеріне, бағалауларына және күтулеріне шолу жасалған.

Бұған дейін сайтымызда "2025 жылы ифляция өткен жылдың соңындағыдай тағы қарқын алуы мүмкін бе" деген мақала жарияланған.Halyk Finance аналитикалық орталығының басшысы Мәдина Қабжалялова бұл зерттеуінде де 2025 жылы инфляциялық күтілім 7,5%-ды құрайды деп болжайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар