Жақында Қазақстандағы шай тұтынушыларын алаңдатқан резонансты жаңалық шықты: қара шайдың бірқатар маркасын елге әкелуге және сатуға тыйым салынды. Алайда қоғамда заңды сұрақ туындады: бұл өнімдер отандық нарыққа қалай еркін өтіп кеткен және қолданыстағы нормалармен тыйым салынған тағамдық бояғыштар адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті? Осы сауалдарға Qazaq Expert Club ұйымының тағам қауіпсіздігі жөніндегі сарапшысы Лаура Аутелеева жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұл жай ғана сауда ережелерінің бұзылуы емес, әдейі жасалған тағам өнімін қолдан жасауға (фальсификацияға) тән классикалық мысал.
Негізгі қауіп неде?
Сарапшы ең алдымен адам денсаулығына төнетін қатерге назар аударады. Шай құрамынан анықталған синтетикалық бояғыштар бірқатар ауыр салдарға әкелуі мүмкін:
- E110 «Сары күн батысы» (Sunset Yellow) және E102 тартразин – балалардағы гиперактивтілікті күшейтуі мүмкін;
- E124 понсо 4R – ықтимал геноуытты әсерге ие, яғни рұқсат етілген тәуліктік мөлшерден аспайтын деңгейдің өзінде ДНҚ-ға зақым келтіруі мүмкін.
Лаура Аутелееваның сөзінше, мұндай жағдайларда әдеттегі технологиялық қателіктер емес, әдейі жасалған әрекет байқалады. Яғни шикізатты алмастыруды, өнімді қолдан жасауды немесе өзге де заңсыз манипуляцияларды жасыру мақсаты тұрғаны анық.
Жасырын өндіріс қаупі
Тағы бір алаңдататын жайт – қаптамада көрсетілген өндірістік алаңдардың іс жүзінде болмауы. Бұл өнімнің рұқсат құжаттарынсыз, санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда жасырын түрде қапталғанын көрсетуі мүмкін. Мұндайда өндірістік тізбекке бақылау жоқ, ал бұл – тұтынушылар үшін тікелей қауіп.
Неліктен бұл жүйелі мәселе?
Сарапшы бұл жағдайды жекелеген факт емес, ауқымды әрі ұзақ мерзімді салдары бар жүйелі проблема деп бағалайды.
Қазақстан жыл сайын 3,8 мыңнан 25 мың тоннаға дейін шай импорттайды, ал ел ішіндегі өндіріс көлемі шамамен 700 тонна ғана. Осындай жағдайда тіпті аз ғана фальсификацияланған өнімнің өзі нарыққа жаппай таралуы әбден мүмкін.
Осыған байланысты, сарапшының пікірінше, келесі бағыттарда шұғыл шаралар қажет:
- өнімді елге әкелу кезінде бақылауды күшейту;
- сақтау және сату кезеңдерінде қадағалауды арттыру;
- өнімнің қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін тиімді қадағалау жүйесін енгізу;
- тұтынушылардың хабардарлығын арттыру;
- фальсификация белгілері анықталған жағдайда қатаң әрекет ету.
Сарапшы қазіргі тыйым салу шешімін қажетті қадам деп бағалайды, алайда оның өзі жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, тек жүйелі әрі кешенді бақылау ғана мұндай қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
