Сарапшы еліміздегі тұңғыш атом электр станциясына қазақ мифологиясындағы атауды ұсынды

Кәмшат Тілеухан 12 там. 2025 10:37

Танымал қаржы сарапшысы Айбар Олжай Балқаштағы тұңғыш атом электр станциясына қазақ мифологиясындағы алапат күш пен қайраттың, сарқылмас жігердің символы - Толағай атауын қоюды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Tolagay - неймингтің барлық стандарттарына керемет келіп тұр. Халықаралық атауы да жеңіл, қолайлы. Бір сөзге зор мән сиғызады. Сосын қазақтікі екенін бірден айшықтайды. Түркияның Аккую деген атауынан кем түспейді. Неймингтің кәсіби маманы ретінде осы атаудың болашағы мен потенциалын анық байқап тұрмын", деп жазды Айбар Олжай Facebook-тегі жеке парақшасында.
Айта кетсек, кеше, 11 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесуі кезінде бірер күн бұрын Алматы облысында Үлкен ауылында құрылысы ресми түрде басталған АЭС-тің атауы әлі жоқ екенін баса айтқан еді. Сөйткен Мемлекет басшысы бұл еліміздегі тұңғыш станса болғандықтан, халық арасында үздік атау жөнінде байқау жариялауға болатынын мәлімдеген болатын.

Бұған дейін 2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында ірі қуатты атом электр станциясын салу жобасы аясындағы алғашқы жұмыстар – станция құрылысына арналған оңтайлы алаңды айқындау және жобалық құжаттаманы әзірлеу мақсатындағы инженерлік іздестіру шаралары басталғаны хабарланды. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев және "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёв қатысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар