Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев орынбасарымен болған төбелеске қатысты тағы бір мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сәпиев қазақстандықтарға қолдау білдіргеніне алғыс айтты.
"Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды", - дейді Сәпиев.
Еске салайық, бұған дейін Серік Сәпиев соққыға жығылып, орынбасары тергеуге алынғанын хабарлаған едік.
Артынша желіде оқиғаның видеосы тарады. Серік Сәпиев сол күні даулы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған еді.
Бұл оқиғаға байланысты Қарағандының Спорт басқармасында аудит жүргізіледі.
