Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев дене шынықтыру және спорт басқармасындағы оқиғаға байланысты пікір білдіріп, бұл мәселеге асығыс баға беріп, жедел қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, тексеріс пен тергеу аяқталғаннан кейін тиісті құқықтық баға беріледі.
"Тәртіпбұзушылық бар, ол үшін жауапкершілік те болуы тиіс. Сонымен қатар, заң талаптарына сәйкес үздіксіз атқарылуы қажет жұмыс бар. Бұл жөнінде біз бұған дейін де ашық мәлімдегенбіз және тағы да қайталап өтемін: бұл жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеру жүргізеді, сондай-ақ, басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазір тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі", – деді өңір басшысы аппарат кеңесі барысында.
Облыс әкімі мемлекеттік қызметшілердің заң талаптары мен қызметтік әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажет екеніне ерекше назар аударды.
Еске салайық, бұған дейін Серік Сәпиев соққыға жығылып, орынбасары тергеуге алынғанын хабарлаған едік.
Артынша желіде оқиғаның видеосы тарады. Серік Сәпиев сол күні даулы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасаған еді.
Бұл оқиғаға байланысты Қарағандының Спорт басқармасында аудит жүргізіледі.
