– Мен кейбір республикалық басылымдардан Ақтөбе туралы материалдарды өте сирек оқимын. Мәселен, «Литер» мен «Айқын» газеттерінде Ақтөбе облысы туралы, өкінішке қарай, материал жоқтың қасы, – деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы өзге облыстардағы белсенді журналистердің есімін де атап өтті.
– Мәселен, Қызылорда облысынан Миуа Байназар деген журналист бар. Нөмір сайын екі-үш материал жариялайды. Шымкентте қызметте болғанымда, «Экспресс-К» газетінің Ирина Галушко деген меншікті тілшісі де күніне бірнеше ақпарат беретін, – дейді әкім.
Облыс басшысы журналистерді белсенді болуға шақырды.
– Әсіресе, республикалық басылымдардың меншікті тілшілері, белсенді түрде жұмыс жасауларыңызды сұраймын. Облыста жазатын дүние көп, – деді ол.
Өз кезегінде, «Құқықтық медиа орталығының» заңгері Гүлмира Біржанованың «Тілшіге» хабарлауынша, отандық журналистикада ақысы төленбесе, бірқатар басылымдар материалдар жариялай бермейді. Заңгер мәселенің мемлекеттік тапсырысқа тірелетінін жасырмайды.
– Жалпы, елімзідегі көптеген ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс аясында билік органдарынан, оның ішінде жергілікті әкімдіктерден қаражат алып, соның аясында ғана, белгілі бір өңір туралы материалдар әзірлейді. Егер әкімдік ақша төлемесе, ол өңір туралы материал жарияламау керек деген түсінік бар, – дейді Гүлмира Біржанова.
Заңгердің айтуынша, Қазақстандағы ақпарат құралдары оңай ақшаға үйренгені сол, бәсекеге қабілетті болуға талпыныс жасамайды.
– Қызықты дүниелер жазбайды, сараптама аз, республикалық басылымдардың дені ресми құжаттар мен тапсырыс аясындағы мақтау материалдармен беттерін толтырып келеді. Оны көзі қарақты оқырман да біледі, – дейді ол.
– Мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланатын материалдардың сапасына құзырлы комитет те тиісті деңгейде назар аудармайтын секілді. Қанша материал, оның көлемі қандай, хронометражы қанша секунд деп есептейді де, тапсырыс қаражатын игере салады. Ал оның сапасы мен мазмұны туралы әңгіме бөлек. Бастысы, тапсырыс бергенде бір мақсат болады ғой. Меніңше, тапсырыс аясында көзделген мақсат орындалмай отыр, — дейді Гүлмира Біржанова «Тілшіге» берген сұхбатында.
Айта кетейік, былтыр медицина қызметкерлерімен болған кездесуінде қазақ баспасөзі туралы журналистикаға жақын адамдардың бірі сауал тастаған-ды. «Сізді қазақ тілінің жанашыры ретінде білемін, сондықтан қолқа салып отырмын. «Ана тілі» басылымының таралымын көбейтіп берсеңіз» деген сарында сұрақ қойды.
Әңгіме ауанын түсінген болу керек, Бердібек Сапарбаев қысқа қайырды. «Егер газет қызықты болса, оған күштеп жаздыруға болмайды. Оқылымды дүние болса, оқырман өзі іздеп оқиды» деген болатын облыс басшысы.
«Тілшінің» хабарлауынша, Бердібек Сапарбаев жыл басында құрылған «Ақтөбе ақпарат» орталығының жұмысы туралы да айта кетті.
– Бүгінде ақпарат құралдарына күніне бірнеше ақпарат жіберіп отырамыз. Ұнаса алыңыз, ұнамаса жаба салыңыз. Күніне көптеген кездесулер ұйымдастырылады. Оның барлығына бірдей журналистер келе бермейді. «Ақтөбе ақпарат» орталығы сондай отырыстардан үнемі материал дайындап, ақпарат құралдарына таратып отыр, деді Сапарбаев.
Асқар АҚТІЛЕУ