“Роскосмос” енді жарнамадан табыс табады. Ресей заң қабылдады

Ақтоты Жапатова 17 қыр. 2025 17:47

Ресей Мемлекеттік Думасы «Роскосмосқа» ғарыш нысандарында жарнама орналастыруға рұқсат беретін заңды қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжат (№465445-8) 2023 жылдың қарашасында сенаторлар мен депутаттар тобы тарапынан енгізілген еді. Заңға сәйкес, «Роскосмос» корпорациясына ғарыш инфрақұрылымы нысандарында сыртқы жарнама орнату, сондай-ақ ғарыш техникасына жарнама орналастыру құқығы беріледі.

Жарнама орналастыру ережелері:

  • Федералдық меншіктегі ғарыш объектілерінде жарнаманы конкурссыз орнатуға тек заңда көрсетілген жағдайларда ғана жол беріледі;

  • Қалған жағдайда жарнама келісімшарттары тек сауда-саттық арқылы рәсімделуі тиіс;

  • Жарнама үшін төлем көлемі мен мерзімін Ресей үкіметі бекітеді. Барлық түсімнің жартысы федералдық бюджетке, қалған бөлігі «Роскосмос» резервтік қорына бағытталады.

Потенциалды тапсырыс берушілер ретінде ресейлік банктер мен сақтандыру компаниялары аталып отыр. Алдын ала зерттеулерге сәйкес, олар ғарыш аппараттарына атау беруге де мүдделі.

Қандай пайда күтіледі?

  • Ғарыш техникасына жарнама орналастырудан жылына шамамен 200 млн рубль;

  • Ғарыш инфрақұрылымындағы сыртқы жарнамадан жылына 5 млн рубль.

Бұған дейінгі тәжірибелер:

  • 1990-жылдары «Мир» станциясынан шыққан ғарышкерлер Pepsi-Cola банкісінің үлгісін көрсетті.

  • 2001 жылы «Звезда» модулін жеткізген зымыранға Pizza Hut логотипі салынды.

  • Кейін S7 әуе компаниясының жарнамасы түсірілді.

  • 2021 жылы «Роскосмос» зымыранға баннер іліп, орбитадан «Сбербанктің» 180 жылдығымен құттықтады.

  • 2022 жылы Халықаралық ғарыш станциясында «Вызов» көркем фильмі түсірілді.

Заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар