Сәні мен салтанаты жарасқан қазақ көші

Dalanews 09 мам. 2015 10:31 4670

Әлімсақтан бастап қазақтың кең даласында жүрген қазақ жұртының ең салтанатты шеруінің бірі – көшіп-қону.  Көшіп-қону  төрт түрге бөлінеді. Ертеда ата-бабаларымыз көктемнің наурыз айының аяқ кезінде қыстаудан көктеуге көшсе, мамыр айының аяқ кезінен бастап жайлауға көшкен. Жайлауда шілде, тамыз, мизам айларын аяқтағаннан кейін күзекке көшті. Ал күзекте қазақтар қараша ай соңында, қайтадан қыстауға қайтқан.

 

Көктем кезінде көк толық шығып, жауқазын мен қызғалдақтар қырға толып, тобылғы  толықсып, барлық өсімдіктер бүршік жарып гүл ашады. Төрт түлік мал төлдеп бітіп, олар марқайып жетіледі. Жайлауға көшіп келгенде барлық өсімдік толысып піседі. Бие байлап, саба-саба қымыз ашытылған. Сиыр сауып, кебеже-кебеже май алынып, күбі-күбі айран  ұйытылып, өре-өре құрт, ірімшік, ежігей кептіріледі де ақүйек тасталып, қыз-бозбала сауық құрады. Барлық той-томалақ, мәслихаттар осы күзде өтетін болған. Құнан шауып, тай алған, ат шауып түйе алған, жорға шауып бие алған кез осы. Дәл осы ақытты сары жұрт деп атап, жердің оты қашып, тақырланып қуаң тартады. Міне, осы мезгілде күзекке көшеді. Бұл мезгілде егін, шөптің жиналып, сары-сабан болып, шабындық жерлердің көгі қайта көгеріп тұрды. Малдың толысып ет алып,  сүйегінің майкемікке айналған шағы, қой-ешкіні өзен көлге тоғытып, күзем қырқылып, жүн сабалып, текемет басатын  алқа-қотан  қонған ауылдың қыз-келіншектерінің тары түйетін думанды кезі деп атасақ болады.

 

Ел қыстауға келгенде қора-қопсысын жөндеп, отын-суды реттеп, соғымды жемдеп, жылқы сойып, қысқасын айтқанда, жая, қазы-қарта, белдеме, жамбасты қысырдың қымызымен қосып ішуге, езген құрттың сөлін сорпа қосып, малтасын бала-шағаға берген кез.

 

Ата-бабаларымыз көш көліктеріне түйені, жылқыны, өгізді, пайдаланған. Егер бұл көліктер ауыл көшінің  жүгін артуға жетіспесе, ағайын-туғандарынан, жегжат-жұраттарынан көш көлігін сұратқанын білеміз. Қай кезде де алдын ала қонатын қоныттың жай-жапсарымен танысып, көш жүретін жолдардың жағдайын көріп, біліп отырған.

 

Көшіп қонуға қажетті мінетін, көш артатын көлікке қарай ер-тұрманды барлық әбзелімен, түйеге – қом, ат, өгізге – ыңыршық және таңбау, тең жіпті (он төрт құлаштан кем емес) ерте бастан дайындаған.

 

Теңді арту үшін алты құлаш тең арқан, көш көліктерін жетектеу үшін өрмелі ноқта, ызбалы ноқта бұйда қажет болды. Көші буған арқаны босап, жүк ауғанда, арқанды қатты тартып, жүкті қалпына келтіру үшін білекті жігіттер бұрау салып отырған. Оны қазақтар ұзындығы 30-40 сүйем әбден кепкен тобылғы мен ырғайдан жасаған.

 

Көшті бастау ісі көпті көрген, жолды анық білетін, орта жастан асқан азаматқа тапсырылған. Ол зерлі, шанақты жабумен немесе түкті кілеммен жабылған жүгі бар түйені жетелеп көшті бастайтын болған. Оның соңын ала түйе жүн шекпен мен ақ қалпақ киіп, жорға мінген ауыл ақсақалдары жүрді. Ақсақалдардың ізімен кимешек киіп, түндік тартқан доқаба камзол,  дүрия шапан иген ауыл аналары екі-екіден салт жүріп отырған. Қалған көш көліктерін ауыл азаматтары жетектеп, іркес-тіркес  керуен шеруімен жол тартатынын аталарымыз айтып отырушы еді. Көштің ең соңында жорға мен сәйгүлік мінген кәмшәт бөрікті, бүрмелі шәйі көйлекті, сәукеле киіп, шолпы таққан, сырғалы сылқым қыздар мен жас жігіттер  жүріп отырған. Осындай салтанаты шеру тартқан көшті қазақтар «көш көлігімен» деп атаған. Көшкен ауылға жолыққан адам «Көш көлікті болсын, Құдайым аман көшін берсін» деп тілек  білдірген.

 

Қазақ халқының ең бір жақсы қасиеті қайда көшсе де жұртын тазалап, көң-қоқсықтан арылтып, «жұртына ақ жарылқасын, Құдайым ақ жол берсін» деп ақ тамызып, оны маңдайына тәу еткені белгілі. Көш шеруі келе жатқан кезде жолшыбай кездескен  ауылға жақындағанда қыз-келіншектер аттарынан түсіп, ауылдан өткенше жетектеп, ауыл әруақтарына, үлкендеріне  бас иіп, құрмет көрсеткен. Жолай кездескен ауылдың қыз-келіншектері көш шеруін бастаған үлкендерден бастап жастарына  дейін қымыз, құрт, ежігей, айранын ұсынып жұрттың шөлін басатын жақсы дәстүр қалыптасқан.  Өз кезегінде көш иелері оларға орамал, шаршы, жүзік, білезік сияқты  кәде сыйларын ұсынуды ұмытпады. Міне, қазақ ауылдарының көші осылай жалғасын тауып отырған.

 

Салтанатты көш эссе шығарма

 

Әдепхан Төреханұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар