"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры "Бәйтерек" холдингіне 50 млрд теңге сомасында заем береді. Бұл туралы KASE сайтында ақпарат пайда болды. Онда бұл қаражаттың экономиканың басым салаларын қаржыландыруға жұмсалатындығы айтылады. Ақша теңге түрінде беріледі. Қарызды қайтару мерзімі 30 жылды, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,1% құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сыйақы төлеу жылына бір рет, әрбір 12 ай сайын, ал негізгі борышты өтеу – қарыз мерзімінің соңында жүзеге асырылатын болады.
"Самұрық-Қазына" қоры мен "Бәйтерек" холдингінің жалғыз акционері Қазақстан үкіметі болып табылады. Наурыз айында "Бәйтерек" 2025 жылы кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға 8 трлн теңге бөлетінін хабарлады. 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемі 10 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.
Сәуір айында "Бәйтерек" ірі бизнес үшін, ал "Даму" қорының (оның еншілес құрылымы) аясында шағын және орта бизнес үшін кепілдік қорларын іске қосты.
Сонымен қатар, "Бәйтерек" энергетика мен коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2025-2029 жылдарға арналған ұлттық жобасының қаржы операторы болып табылады. Ал бұл мақсаттарға 4,7 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.