Мәжіліс отырысында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры экономикалық дамудың драйвері емес, керісінше тежегіші болып отыр деген сын айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Басқару мен сатып алудағы жүйелік теңгерімсіздіктер жойылмайынша, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры экономикалық дамудың қозғаушы күші емес, тежегіші болып қала береді", – деді мәжіліс депутаты Әділ Жүбанов сәрсенбі күні өткен отырыста.
Оның айтуынша, 2008 жылы құрылған бұл қор бастапқыда дағдарысқа қарсы саясаттың стратегиялық институты әрі ұзақ мерзімді экономикалық өсудің драйвері ретінде жоспарланған.
"Алайда іс жүзінде қордың қызметі қоғамда экономикалық тиімділігі мен ашықтығы тұрғысынан сенімсіздік тудырып отыр", – деп мәлімдеді Жүбанов.
Депутаттың айтуынша, қор құрамындағы компаниялар нарықтық экономикаға белсенді араласады, бұл олардың артықшылықты жағдайымен байланысты.
"Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай электрондық базасының мәліметі бойынша, 2024 жылы "Самұрық-Қазына" тобының сатып алуларының 60%-дан астамы бір көзден жүзеге асқан. Мұндай тәжірибе нарық қағидаттарына қайшы келеді және коррупциялық тәуекелдерге жол ашады, монополияға себепкер болады", – деді ол.
Депутаттың айтуынша, 2024 жылы Қазақстан Transparency International ұйымының жемқорлықты қабылдау индексінде 180 елдің ішінде 90-орында тұр.
Жүбановтың сөзіне қарағанда, қордың негізгі активтері – "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", KEGOC – қаржылық көрсеткіштерінің төмендеуіне және қарыз жүктемесінің артуына тап болған. Сонымен қатар, айқын трансформация стратегияларының жоқтығы да сынға іліккен.
Ол "Самұрық-Қазынаны" бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуға бағытталған, жеке сектор үшін тартымды платформа ретінде қайта құруды ұсынды.