“Самұрық-Қазына” Астанадағы кеңсе ғимаратын 28 млрд теңгеге сатып алған

Қаракөз Амантай 07 нау. 2025 10:21 1695

“Самұрық-Қазына” қоры “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясынан Астанадағы кеңсе ғимаратын 28 млрд теңгеге сатып алған. Бұл мәміле 2024 жылдың соңында жүзеге асқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жөніндегі ақпарат Adata ақпараттық базасында жарияланған. Алайда келісімшарттың өзі қоса тіркелмеген. Ratel басылымы “Самұрық-Қазына” қорынан сатып алынған ғимараттың техникалық сипаттамалары туралы сұрауға тырысқан.

Алайда қор өкілдері сұрақтардың басым бөлігіне жауап бермей, тек мәміленің болғанын растады. 

“Самұрық-Қазына” АҚ “ҚазМұнайГаз” АҚ-дан кеңсе ғимаратын сатып алуды корпоративтік рәсімдер аясында жүзеге асырғанын растайды. Келісім құнына ғимараттың өзімен қатар, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті барлық жылжымалы мүлік – кеңсе жабдықтары, қауіпсіздік және инженерлік жүйелер де кірді. Қазіргі таңда ғимарат мемлекеттік меншікке берілді. Оның негізгі пайдаланушылары – ҚР Энергетика министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі”, – деп мәлімдеді қор өкілдері.

Алайда “Самұрық-Қазына” ғимараттың мемлекеттік меншікке қандай шарттармен берілгенін нақтыламады.

Қай ғимарат туралы сөз болып отыр?

28 млрд теңгеге сатып алынған ғимарат Астанада, Қабанбай батыр даңғылы, 19 мекенжайында, А және Б блоктарында орналасқан.

“Бұл – атақты “ҚазМұнайГаз” әкімшілік кешені, айналасын шағылыстыратын әйнекпен қапталған, шпильдері мен аркасы бар ғимарат. Ол «Хан Шатыр» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан. БАҚ деректеріне сүйенсек, кешеннің жалпы ауданы 70 000 шаршы метр. Оның бірнеше бөлек блогы бар, биіктігі 7 қабаттан 18 қабатқа дейін жетеді”, – делінген басылым материалында.

Ғимараттың ішінде не бар?

Журналистердің мәліметінше, ғимарат ішінде конференц-зал, үлкен асхана, тренажер залы, тіпті баскетбол алаңы да бар.

Ал “ҚазМұнайГаз” туралы айтатын болсақ, компанияның ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, олар бұрынғы кеңсесінен көшіп, “Изумрудный квартал” бизнес орталығына орналасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
Pitbull (әңгіме)
07 нау. 2025 23:01