«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Cотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметі С.Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлаймын. ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалып, сотқа жолданды», – делінген аталған қызметтің басшысы Ризабек Ожаровтың агенттікке берген ресми жауабында.
Осы қылмыстық іс аясында Самат Әбіш ауыр салдарға әкеп соқтырған билігін және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қабылданған. Ол қазір Қазақстан аумағынан шықпаған.
«Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды қамтыған мәліметтер бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», – деп аталып өткен хабарламада.
2022 жылғы 17 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самат Әбішті Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатқан болатын.
Бұған дейін ҰҚК 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген.
Полковник Ысқақов өзінен жауап алғаннан кейін бір жарым жылдан соң оның жауаптары құпияландырылғанын айтқан. Оның сөзінше, бұл қадамға тергеу органдары Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Самат Әбіштің рөлін жасырып қалу үшін жасаған.
"Олар Әбіштің бұйрығын орындағанымды айтпауым үшін осыған барып отыр", – деген еді Руслан Ысқақов сотта сөйлеген сөзінде.