«Салу, тағы да салу керек!»: Тоқаев 2027 жылға қатысты бастама көтерді

«Салу, тағы да салу керек!»: Тоқаев 2027 жылға қатысты бастама көтерді
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы жасанды интеллект дәуіріндегі елдің ортақ міндетімен байланыстырып, инфрақұрылымды жаппай дамыту қажеттігін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бүгін, 28 қазанда Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңде еліміздің барлық өңірінде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстарын жандандыру керектігін мәлімдеді.

«Осылайша, жасанды интеллект дәуірінің жақындауына біздің бүкіл халық болып беретін ортақ жауабымыз – салу, тағы да салу!» – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, құрылыс жұмыстары тек ірі қалалармен шектелмеуі керек. Әр облыс орталығында, аудандар мен елді мекендерде тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартатын нысандар бой көтеруге тиіс.

Қандай нысандар салынады?

Президенттің сөзінше, бірінші кезекте жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын бастау қажет. Оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салуға да басымдық беріледі.

Сонымен қатар барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар ашу көзделіп отыр. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. 

Тоқаев бұл бастамалардың түпкі мақсаты халықтың әл-ауқатын арттырып, әсіресе өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру екенін атап өтті.

Осылайша, Президент келер жылға арналған ауқымды құрылыс бастамасын елдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуының маңызды бағыты ретінде ұсынды.