Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Қуандық Бишімбаевтың бауыры Бақытжан Байжанов жақын арада бостандыққа шығады. Бұл туралы оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қорғаушының айтуынша, оның қорғауындағы азаматқа жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық актісі қолданылған.
«Байжанов сот отырысына онлайн қатысты. Сот қаулысы түзеу мекемесіне түскеннен кейін ол дереу босатылуы тиіс. Отырыс Степногорск қалалық сотында өтті», – деді адвокат.
Еске салайық, 2025 жылдың шілде айында Степногорск қалалық соты Бақытжан Байжановтың рақымшылық жасау туралы өтінішін қанағаттандырған болатын. Соның нәтижесінде оның жаза мерзімі 8 ай 8 күнге қысқартылды.
Ол кезде Байжанов жазасының 1 жыл 11 айын өтеп қойған еді. Бұған дейін оның 2026 жылдың қараша айында бостандыққа шығатыны күтілген болатын.