Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді 22 шілдеде бостандыққа шыққан Бақытжан Байжановтың босатылуына қатысты пікірін білдірді. Ол өз ұстанымын Instagram желісіндегі Stories-те жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айтбек Амангелдінің айтуынша, адвокаттар бұл мәселені жан-жақты зерделеп, қалыптасқан жағдайға заң аясында ықпал ету мүмкін емес деген қорытындыға келген. Сондай-ақ ол қолданыстағы тәртіпке сәйкес бұл мәселе жәбірленуші тараптың қатысуынсыз қаралғанын атап өтті.
Сонымен бірге, ол амнистия адамның кінәсіз екенін білдірмейтінін ерекше айтты.
«Амнистия – "кінәсіз" деген сөз емес. Амнистия сот үкімінің күшін жоймайды, адамды кінәсіз деп танымайды және сот белгілеген кінәні жоққа шығармайды. Байжанов алты жыл бойы пробациялық бақылауда болатын сотталған адам болып қала береді», – деп жазды Айтбек Амангелді.
Кейін ол видеоүндеу жариялап, отбасы мен адвокаттар жағдайды талқылап, оны өзгертуге мүмкіндік беретін заңды тетіктердің жоқ деген ортақ пікірге келгенін айтты.
«Біз бұл жағдайға ешқандай ықпал ете алмаймыз. Кассациялық сотта біз жеңдік. Оның кассациядағы мақсаты өзін кінәсіз деп тану болатын. Бұл орындалған жоқ. Оның соттылығы сақталады. Ол – қылмыс жасаған адам», – деді Айтбек Амангелді.
Ол бұл жағдайды жеке өзі қабылдау қиын екенін де жасырмай, алайда қазіргі таңда бұл мәселені жабық деп есептейтінін жеткізді.
Еске салайық, Бақытжан Байжанов 22 шілдеде соттың рақымшылық жасау туралы заңды қолдану жөніндегі қаулысының негізінде бостандыққа шыққан болатын.